Өлең, жыр, ақындар

Ашындым

  • 05.10.2021
  • 0
  • 0
  • 2249
Ашулы, арманы арта түскен Сара,
Ой – улы, қиял – қышқыл, жүрек жара.
Аттандым ашындым да, белді байлап,
Болудың мағынасы жоқ енді бала.
Аралап өмір сырын ойым сергек,
Саралап алды-артымды, ақыл тербеп.
Арман мен ақ сырымды өлең қылып,
Ән салу домбырамен болды ермек.
Аңырап ақ домбыра бозінгендей,
Наз-мұңым қос ішектен шығады еңірей.
Той, жиын, шілдехана болса қайда,
Сайрайтын болдым енді даусым сембей.
Қызымын Тастанбектің атым Сара,
Жасымнан жылап өскен мен бір бала.
Он үште өміріме ор қазылып,
Жүрекке өшпестей боп түсті жара.
Жетпеген балапандай темір қанат,
Жан едім жасы балғын, жаңа талап.
Арман боп ақ жүрекке қадалды оқ,
Қандайлық атты екен жау сығалап.
Көз жетпейді ой түбіне, білімім аз,
Ағайын, аясаңдар дертімді жаз.
Білетін дүние сырын апа-жеңгем,
Алдында ақ жүректен айтамын наз.
Қуансам əн салар ем саңқылдатып,
Азынаған ақ домбыраны аңқылдатып.
Айрылған балапаннан қоңыр қаздай,
Қоймаса қарт анамды қаңқылдатып.
Дүниеге неге туып, неге келдік,
Көретін болсақ өңкей қорлық, кемдік?
Жетімдік, жеткіліксіз шерлі өмірдің
Дүниеде болған ба тек бəрі мендік.
Бұғаудан босанудың кілтін таппай,
Іздеймін, халқым, сенен тұрмай, жатпай.
Көрінбей көп ішінде кетсем деймін,
Жайыннан жаны қалған ақ шабақтай.
Айтамын күнде еліме арыз-арман,
Әркім-ақ қамығады құлақ салған.
Кемсеңдеп кемпір жылап, қатындардың
Арманы «аһылаған» жүрек жарған.
Болғанмен малды, жанды кейбір ана,
Көңілінде көбінің-ақ болған жара.
Әйелдер тағдырының бəрі де ұқсас,
Зарлаған, – деп ойласам, – жалғыз Сара.
Қамығып, – дейді көбі, – күшіңді алма,
Ашылып, ойнай-күліп көңіліңді алда.
Өзіңдей он үшімде өңменді үзіп,
Мені де берген, – дейді, – жұртым шалға.
Жыладым, жалбарындым, амалым жоқ,
Сатылып кете бардым алған малға.
Қылғынта көгендеген ақ тұсақтай,
Қалыңнан қыз құтылып қалған бар ма?
Өмірін өрістетпей өре салып,
Тұқыртқан тұрмыс талай бағландар да.
Әйелге бұл заманда атқан таң жоқ,
Не өнеді айтып бəрін зарланғанда?
Мұны айтып апаларым кеңкілдесіп,
Еске алып, ескі арманын еңкілдесіп.
Жаны ашып, жұбатады мен сорлыны,
«Қайтейік, əйел солай еншің» десіп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аққу

  • 0
  • 0

Қымбатты апа, жеңгем, құрбы-құрдас,
Қайғыма қатар ортақ мұңы мұңдас.
Ғажайып түсімде мен бір іс көрдім,
Көп болып бұл түсімнің жоруын аш.

Толық

Шымылдық

  • 0
  • 0

Көк жайлау, көтеріңкі ел, көңілді жаз,
Мал күйлі, жайылым гүлді, жан-жануар мəз.
Өрмелей тау бөктерін өскен қайың,
Бұралып жел қозғаса айтады наз.

Толық

Төребай мен Сара

  • 0
  • 0

Біледі, Үйсін, Найман Сара екенім,
Жасымнан өлең қуған жан екенім.
Еліне Төребай да болыс бопты-ау,
Ығында жүруші еді Қаракеңнің.

Толық

Қарап көріңіз