Сара мен Ермек
Атақты халық ақыны Қуат Терібаев Сараның бір-сыпыра өлеңдерін жатқа білуші еді. Сол кісі айтатын ақын Сара өлеңдерінің бірі – оның Арғын мен Найман рулары шекарасында өткен бір тойда арғын жігіті Ермекпен шайқасы. Оны Қуат былай деп əңгімелеуші еді:
Той бастап ақын Сара əн салады,
Дауысын естіген жан таң қалады.
Сол күнде жастау кезі жалындаған,
Құбылып тоты құстай толғанады.
Екпіні соққан желдей болғаннан соң,Әркім-ақ айтысудан қорғанады. Осындай Сарадан жасқанған ауыл ақындары аузын ашпай отырып қалған соң той иесі Сараға: «Шырағым, тойды сен баста, тойбастарың əзір» депті. Сонан соң Сара тойды бастап, əр түрлі өлеңдер айтып отырыпты.
Сара: Әуелі сөз сөйлейін бір Құдайдан,
Кім қалар ажал келсе өлім жайдан.
Сиынып бір өзіңе сөз сөйлейін,
Қолдай гөр аруағы Арғын, Найман!
Құлаштап нелер жақсы өткен дүние,
Сұңқардай тоят алып қанат жайған.
Құсындай құдіреттің кез боп қалдым,
Дəм татпас тірі жүрсе адам қайдан?!
Бұл тойдың құрметіне кез болған соң,
Азырақ сөз сөйлейін жақсы жайдан.
Қызы едім Тастанбектің ел білетін,
Жел сөзді ғадетім бар желдіретін.
Ортада білгенімше сөз сөйлейін,
Ешкім жоқ бұл маңайда мен білетін.
Қолыма домбыра алып, əн шырқасам,
Әркім-ақ əуеніме телміретін.
Білдіріп жағдайымды халайыққа,
Азырақ сөйлейтұғын келді ретім...
Ермек өз ауылындағы тойды өзі бастап əдеттенген өжет жігіт екен. Есіктен кимелеп кіріп келе жатып айғайлап қоя береді.
Ермек:
Кім едің менен бұрын той бастаған,
Алдымнан жүйрік аттай ойқастаған?
Той болса бұл өңірде мен бастаушы ем,
Қандай қыз тəртібі жоқ далбастаған?!
Сара:
Сен кім ең, маған қарай қырындаған,
Дауысың əнге келмей қырылдаған?!
Той иесі ағайым өлең айт деп,
«Тойбастарын» ұсынды бұрын маған.
Дауысымды естіген жан сүйсінеді,
Бойы ұйып, сүйек балқып шымырлаған,
Он үште домбыра алып өлең айттым,
Түсімде бата берген Қыдыр маған!
«Бұл кім деп далбастаған» кемітесіз,
Сабырсыз жан екенсіз шыбындаған.
Бастасаң бағанадан қайда жүрсің,
«Тойбастар» бүгін сізге бұйырмаған!
Ермек:
Сұрасаң менің атым ақын Ермек,
Тоқтатпас көкірегімді өлең кернеп.
Той болса бұл өңірде мен бастаушы ем,
Өзіңдей надан қыздар үлгі көрмек!
Әншейін сыпайылық-сыйлап тұрмын,
Әйтпесе тастар едім қатты жерлеп.
Маған да Аққожа атам бата берген,
Білмесең жағдайым сол айтып бермек.
Сара:
Саған ба, Аққожа атаң бата берген?!
Жігітсің қараны ақ деп қата көрген.
Надан қыз мен сықылды көріне ме,
Орынсыз дұрыс па екен шата берген?!
Кернеген көкірегің өлең болса,
Аянбай өнеріңді мата бермен.
Жел сөзім өңменіңнен өтіп кетсе,
Қашарсың бой тасалап таса жермен!
Ермек:
Өзіңе өзің болдың арыстандай,
Білмейсің жақын қандай, алыс қандай,
Озған ба байтал шауып арғымақтан,
Қайратсыз қатарласып, қағысқанға-ай.
Сен де бір сондай байтал қара жілік,
Қамшыла, қатарымнан қалыс қалмай.
Мен емес қыздан қорқып қорғалайтын,
Жөндеп айт өлеңіңді шалыстанбай.
Сара:
Ей, жігіт, байқап сөйле, көп есірме,
Абайла, əлің қалай егесуге.
Ақын емес, дəлбірік ақымақсың,
Қарғаша қаңқылдайсың күресінде.
Атаң ұл, анаң қыз боп көрмеген бе,
Сен неге қарамайсың рəсімге?!
Ер, əйелдің алдына олжа түссе,
Алдымен кім аларын білесің бе?!
Құлдықтан құтылмаған бір сорлысың,
Мұңыңды қуаныш қып жүресің бе?!
Дəлбірік біліп қалдым мінезіңді,
Менімен жарамайсың тіресуге!
Ермек:
Сен бе едің ақын Сара жан мақтаған,
Қолыңда домбыраң бар бармақтаған.
Қайткенде тұзағыма түседі деп,
Бір қусың құр құдыққа қармақ салған.
Өзіңдей сан ақынмен айтысқанмын,
Жеңілген талай қыздар қалжақтаған!
Сөзіңе сөз табарлық өнерім бар,
Айлаңнан қорықпаймын далбақтаған.
Сара:
Тауып айт өлеңіңді сен ант ұрған,
Жауабың дəмді болса, сонда бұлдан.
Мен Сара талайларға тағлым бергем,
Ел-жұртым жауабыма мойын бұрған.
Жасымнан домбыра алып өлең айттым,
Қиналып көргенім жоқ өлең, жырдан!
Өзіңдей арсыз ақын кез келгенде,
Асырып тастаушы едім алты қырдан!
Сан жүйрік кездескенде шаршы топта,
Мен едім шақ келтірмей сөзбен қуған.
Соларға жол көрсеткен асыл сөзім,
Тұрсың ба сескенер деп сендей сұмнан?!
Өлеңге а дегеннен ағындаймын,
Іркілсем – бойыңа өлшеп шағындаймын.
Көп өлең көкіректе тұр сақтаулы,
Сескеніп адамзаттан жаңылмаймын.
Той десе топшыл басым қалған емес,
Өлеңге Құдай берген аңырмаймын.
Сен түгіл сенен артық жүйрік келсе,
Ешкімге тізе бүгіп бағынбаймын...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі