Төрттағандар – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Төрттағандар» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1281
Торуда қауіп­-қатер, қырғын әлі,
Ойласаң жігеріңді құм қылады.
Шығады жеңнен кіріп балағыңнан,
Сумаңдап жауыздықтың сұр жыланы.
* * *
Талайлар байлық пенен тақты ойлаған,
Өз жұртын өгейсініп қақпайлаған –
Ел көзі ерге түсер ең алдымен,
Биліктің қазығына ат байлаған.
* * *
Арбаса билік буы, қыздың лебі,
Азамат ел үмітін үздіргені.
Пенденің періштесі некен­-саяқ,
Асты­-үстін дүниенің біз білгелі.
* * *
Тартылып шалқар тірлік қақ суындай,
Азаптың ащы дәмін таттық удай.
Тіккенше азаттықтың көк байрағын,
Қырылдық қалың қазақ көк шыбындай.
* * *
Жалақор, парақорлар жайлағанда,
Сенетін жан қалмайды айналаңда.
Қулық пен қиянаттың құрығы ұзын,
Шындықтың қолы қысқа қай заманда.
* * *
Өлеңді әуре болма жаза алмасаң,
Біреуге байқап сөйле сөз арнасаң.
Ағайын, көрші-қолаң тазармайды,
Алдымен өзің бастап тазармасаң!
* * *
Барасың бізден қашып, жастық, қайда?
Құдай­ау, асау көңіл бастықпай ма!?
Досымдай көптен күткен есік қағып,
Үйіме енді қайта бас сұқпай ма?
* * *
Көшеді жүйрік жылдар желдей есіп,
Табады тынбай қуған пенде несіп.
Жайнаған жарық ғұмыр бір күн сөнер,
Білтесі жанып біткен шамдай өшіп.
* * *
Сылдырап судай аққан талай заман,
Ашпайды анық сырын сен ойлаған.
Емес ол өз келбетің бір қарасаң,
Көріне салатұғын шарайнадан.
* * *
Пендеге мұрат емес жүз жасамақ,
Өмірі өткендердің – бізге сабақ.
Тарихтың қатпар-қатпар қойнауынан,
Табасың керегіңді іздесең­ақ.
* * *
Жылыстап өте шықты, шіркін, жастық.
Алдыңғы керуеннің жұртын бастық.
Неге керек тәңірім бермеген соң,
Өңірін боз көйлектің жыртылмас қып?..
* * *
Домбыра екі ішекті, бір тиекті,
Үніңнен айналайын қасиетті.
Күн сайын көкірегіме құясың сен
Бабалар айтып кеткен өсиетті.
* * *
Дүние бүгін өткен, ертең де өтер,
Көсіліп қай заманаға көрпең жетер?
Жайнаған жас үміттің жапырағын
Тынымсыз жел тербетер, сан шөлдетер.
* * *
Қақ жарып көк толқынды кеудеңізбен,
Болсаң да алып кеме өрге жүзген,
Құлдырап таудан төмен құлағандай,
Түбінде бір қайтасың келген ізбен.
* * *
Әркімнің өзіне ауыр өз қайғысы,
Қозданып қызыл шоқтай маздайды іші.
Көпіріп көп алдында сөйлегенмен,
Халықтың қамын жейтін аз ғой кісі.
* * *
Тарих ізін қарасам басып өткен,
Талайлардың ел үшін басы кеткен.
Жақсылардың көп еді қасы кеткен,
Арыла алмай келеміз қасіреттен!
* * *
Береке мен бірліктің жоғалғаны –
Жағадан жау, етектен бөрі алғаны.
Жусап жатқан жылқыңды үркітеді,
Көк шегіртке кісінеп көгалдағы.
* * *
Дос сатты, дұшпан қатты, өмір тәтті,
Өткердік мына бастан небір сәтті.
Салыңқы қас-қабағы салқын дүние,
Қызу жоқ, қызық та жоқ – жабырқатты.
* * *
Ит жатпаса іргеңе,
Оған таста бірдеңе.
Бар екенін білдірер
Ашыққанда бүрге де.
* * *
Қырғанменен күйесін,
Қазан түбі ағармас,
Қырсық шалса иесін,
Құмай тазы аң алмас.
* * *
Айтумен жүрміз Азаттық жырын,
Тартумен жүрміз азаптың жүгін.
Өзінің тілін ит те біледі,
Итке бермесін қазақтың күнін!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Төрттағандар өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Төрттағандар өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Төрттағандар өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Төрттағандар өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері