Арман

Бұл бетте «Арман» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1979
Арман қымбат үлкенге, кішіге де,
Армандамай жүргенді кісі деме!
Өзіңді өзің түсінсең жетіп жатыр,
Жан сырыңды барлық жан түсіне ме?
Арман ғана тірлікте таянышың,
Арпалысып бағасың таяу үшін.
Жалғыз соның тұрады қалқасында
Қуанышың, реніш, аянышың.
Алқынасың,
Бір сол деп тер төгесің.
Шарқ ұрасың,
Отқа да өртенесің.
Арман үшін керек пе –
Жүз жасайсың!
Арман үшін керек пе –
Ерте өлесің!
Армандайсың
Қасыңнан кеткенді де,
Армандайсың
Басыңнан өткенді де.
Келер жазды тағы да армандайсың,
Армандайсың былтырғы көктемді де.
Жаншыласың ойлардан, езілесің,
Бір арманнан басқадан безінесің.
Жұлдыздарға телміре қарай-қарай,
Құшағында арманның көз ілесің.
Арман-Шыңға
Шығасың күшпенен сен,
Алдамасын бірақ та түс боп ертең.
Армансыздар – жарақсыз жауынгердей,
Армансыздар – қанатсыз құспенен тең.
Арман үшін талайдың жаны күйіп,
Ауыр жүкті көтерген талып иық.
Біле білсең, арманның бәрі де үлкен,
Біле білсең, арманның бәрі биік.
Жазғы жырын күз келсе орман жоқтар,
Бар қызығын өмірдің армандап қал!
Арманыңа жеткенде жуылады
Асау жылдар жаныңа салған дақтар.
Жүрегіңде құлпырсын арман гүлі,
Толастамай көңілдің ақ жаңбыры.
Судан шыққан қайықтай қаусайды адам
Армандаудан біржола қалған күні...

1978


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Арман өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Арман өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Арман өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Арман өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері