Келші, Көктем! – Айтқали Нәріков‎

Бұл бетте «Келші, Көктем!» атты Айтқали Нәріков‎ жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 27.11.2015
  • 0
  • 1
  • 9715
Далада қар, өзенде мұз сіресіп,
Қыс пен көктем бір-бірімен тіресіп,
Жеңісе алмай, жұлқысуда тынымсыз,
Дара билік құру үшін күресіп.
Солай, солай табиғаттың тылсымы,
Біз білмейтін көп қой оның қыр-сыры.
Өз заңымен айналады ақырын:
Планета - жаратқанның ұршығы.
Ей, алтын Күн, қайда аптап ыстығың?
Атқарсайшы бір ерекше іс бүгін.
Жер бауырлап жатып алған кәрі қыс,
Сезінсінші өз халінің мүшкілін.
Кезің келсе, қарқын алып, өктемдер,
Қайда жүрсің азынауық өкпек жел?
Бір-біріне елшілерін жіберіп,
Хабар күтіп жатыр ма, әлде, көк пен жер.
Біз адамбыз - жылқымінез пендеміз,
Көңіл көкте, ал өзіміз жердеміз.
Қыс қария, жарылқасын алдыңнан,
Көктем жігіт, қош келдіңіз, төрлеңіз.


Пікірлер (1)

Ботагөз

Өлең тамаша шыққан, Айтқали Нәріковтің стиліне сай – терең әрі көркем!
Ерекше ұнағаны:

Қыс пен көктемнің тіресі, жұлқысуы – табиғаттың күресін өте шынайы суреттеген,
«Планета - жаратқанның ұршығы» деген жол – философиялық тереңдік береді,
Күнге, желге жүгіну, соңында «Көктем жігіт, қош келдіңіз, төрлеңіз» – жүрекке жылы тиетін қош келдің!

Қыс-қария мен көктем-жігіттің әдемі бейнесі, табиғат заңы мен үміттің үйлесімі.

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері