«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте ««Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 768
«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам,
Мен түгіл кейде, алады жылап күн анам.
Күлгендерге, көз жасымды көрсетпей,
Ішімнен тынып, ғасырлар бойы шыдағам.
Жылама дейсің, мен емес, жер де жылаған,
Аруана боздап, айшылық шөлге шыдаған.
Жалаңаш, жалған мынау жарық дүниеге,
Жылап келіп, жылап кетер бұл адам.
Басыма менің, бабамның бұлты айналған,
(Жылай жүріп, кім бар дейсің бәйге алған)
Жан сарайын жуып, еріп кетсінші,
Көкірегіме көз жасым тас боп, байланған.
Көз жастың ащы дариясында жыр тулап,
Жыламайын, келші, ұмытқан күлкімді ап.
Жиде ағашы ауырлап өз жемісін,
Жылағандай, тамырынан тың-тыңдап...
Мен жыласам, бірге жылар қайыңдар,
Келер уақыт, тағы несін дайындар?
Не жетпейді гүлден де нәзік көңілге,
Көңіл жетпей, жылап өтер жайым бар...
Сарғайып күтіп, жерменен бірге көктеген,
Себепсіз анам, көз жасын бекер төкпеген.
Жүз құбылып, перде ұстаған жүзіне,
Жалған күлген жандарды көрсем, жек көрем.
Жылама дейсің,
жыламай қайтіп жүре алам?
Өмір сүреді, жылап та, күліп тірі адам.
Шөлдеген жерге аспанның жаңбыр көз жасын,
Тәңірден өлім «тасаттық» беріп сұраған.
Арманды қайтем? сағымдай сусып алдаса,
Ештеңеге де таңданбаймын енді аса.
Сенімім кетіп, жыладым, жердегілерден,
Көз көрмейтін көктегі «құдай» болмаса.
Көкжиектен көзіме қимай батып күн,
Тіршіліктің бал мен уын татыппын.
Кеудеме ұйып, жиналған менің көз жасым,
Сыртқа шығып, әйнегін жуар уақыттың...
Жер бетіне айдың жүзін айна ғып,
Сыр аңдимын, әрнәрседен ой бағып.
«Жылама» дейсің, жүйкеңді ұрып жатыр ма
Тамшылаған көз жасым тасқа айналып?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам өлеңінің авторы кім?

Қанипа Бұғыбаева — осы өлеңнің авторы.

«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қанипа Бұғыбаева өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

«Жылама» - дейсің, жыламай қалай жұбанам өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері