Махаббат күні
(баллада)
Бүгінгіге аңыз болар кешегі,
Өмір заңы, өшіп, біреу өседі.
Бір кездерде жер мен аспан арасы
Тас қараңғы болған екен деседі.
Болған емес бұрын-соңды сор маңдай,
Адасыпты жолаушы үйге оралмай.
Түнек-дүние толы бопты апатқа,
Жарық күнсіз бірін-бірі көре алмай.
Танымастан туған жерін, мекенін,
(Күйін кешіп сүзіскен қос текенің)
Барлық пенде тұрпайы өмір кешіпті,
Сезбей білмей сұлулықтың не екенін.
Білмепті олар алма, жүзім, өрікті,
Көрмепті олар қыз жігітті көрікті.
Кезегімен жер бетінен қараңғы
Жер астына көшіп кете беріпті.
Оңайлықпен жол таппаған жапаннан,
Құдіреттен екі түрлі бата алған.
Ертеде екі адам болған деседі,
Махаббат пен Зұлымдық деп аталған.
Не болса да, болады екен жанбаудан,
Жазықсызды жауыздықпен алдаудан.
Маңай түгел тас қараңғы болыпты,
Бірін-бірі көріп, сүйе алмаудан.
Тас қараңғы көндіге алмай көрге бұл,
Ер көңілдер болған екен шер көңіл.
Дүние түгел мұзға айналып кетіпті,
Күн шуағы түспеген соң жерге бір.
Көз көрмеген «ұжмақ» деп «тамұқты»,
Бастап кімдер, адастырар халықты.
Зұлымдықтың табандары тиген жер,
Сескенгеннен тас боп қатып қалыпты.
Көз жасынан адамзаттың көл болған,
Аңыз етіп ақын солай, толғанған.
Болады екн жердегі бар қасірет,
Бір-біріне өле ғашық болмаудан.
Шынар болар семіп қапты көк шыбық,
Жоқшылықпен, жол үстінде көп сынып.
Маңай түгел жарық бопты бір күні,
Ғашықтардың жүрегінен от шығып.
Ояныпты асқақ арман, ерке үміт,
Аспанға тіл қатқан екен жер күліп.
Махаббаттың арқасында біртіндеп,
Қараңғылық бара жатты серпіліп.
Жүрек отым, бір жанады, бір өшіп,
Уақытқа ұрпақ өсті ілесіп.
Махаббаттың жүріп өткен ізіне,
Қызыл-жасыл қалған екен гүл өсіп.
Біз білмейтін ғажайыпқа ғалам бай,
Қайран қалам, естігенге сене алмай.
Содан бері санадағы түн мен күн,
Келе жатыр бірін-бірі жеңе алмай.
Қара жердей осынау ұлы кемені,
Шайқап, тербер уақыттың өлеңі.
Содан бері Зұлымдық пен Махаббат,
Бітіспейтін майдан құрып келеді.
Содан бері келіп кетті сан ғашық,
Ескерусіз, ескерткішін шаң басып.
Зұлымдық пен Махаббаты еске сап,
Келе жатыр күн менен түн алмасып.
Келе жатыр күн менен түн жол жүріп,
Қалмау үшін орта жолда болдырып.
Қосты барлық ғашық жүрек сәулесін,
Жарық күнді алмау үшін сөндіріп.
Көрінеді көз жасымнан көк аспан,
Көк аспаннан қыран құс та адасқан.
Жұлдыздардан шашу шашып жолына
Түннің өзі ару күнге жол ашқан.
Менің жаным сұлулықтан нәр алған,
(Көздеріңе көзім талмас қараудан)
Жердегі бар ізгілік пен жарық күн,
Ғашықтардың жүрегінен жаралағн.
Ұқсамайды бір адамға бір адам,
Бір адаммын, «иманды өлім» сұраған.
Ғашық жүрек ұшқындары жиналып,
Аспандағы жарық күнді құраған.
Бірлік қайда, сонда болар ырыс-бақ,
Тіршілігім дем алатын тыныстап.
Адамзаттың жарық күнін көктегі,
Ғашықтардың жүректері тұр ұстап,
Ғашықтардың тілектері тұр ұстап.
Ұқсатамын ақ жүзіне ақ таңды,
Асыл адам, керек етпес мақтауды.
Жер бетінен көтерілген жарық күн,
Махаббаттың жеңіс туы боп қалды.
Сөзім өтпей, созылды көп жылдарға,
Көкірегінің «саңлауы» жоқ тыңдауға.
«Көлеңкелер» қалмай менің қасымнан,
Аңдып тұрып ілеседі Күн барда.
Сол себептен...кетті менің көпке есем,
Өкпе жоқ қой, өмір үшін көктесем.
Ел ішінде елемесем, ұзарып –
Аласарып, алдайтындай кет, десем –
Көздеріме көрінбейді түр-өңі,
Менен өзге жоқ сүйенер тірегі.
Ессіз-түссіз етегіме оралып,
Ертеңді-кеш ереді де жүреді...
Ұқсатамын оны кейбір мінезге,
Күңгірт-қара жерге түскен «мұңы» өзге.
Күн бар кезде, көлбең-көлбең көзді алдап,
Көлеңкелер көбейеді ілезде.
Жүреді олар, сені, мені мекендеп,
Ізі қалмас, бекер кетер, бекер кеп.
Қорқам... Күнді түсірмей жер бетіне –
Көлеңкелер қаптас кетпесе екен деп...
Мен оларға көп алдандым. Күйеді іш,
(Торғайдың да көлеңкесі түйеқұс)
Кедір жолда кетсем егер сүрініп,
«Көлеңке» дос бола алмайды, сүйеніш.
Неге, маған қарамайсың, ызы қып,
Бара жатыр сары-ала жаз, күз ауып.
Таңғы күннің шапағына шомылып,
Ақша бұлттай алаулаймын, қызарып...
Ойланбайды... не болады ол ертең,
Оған бір жан жоқ секілді келер тең.
Жолы болса, жол үстіне қалдырып,
Кетеді ылғи, озып менің «көлеңкем»...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі