Бір күлкім бұл, ернімнен төгілмеген – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Бір күлкім бұл, ернімнен төгілмеген» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 668
Бір күлкім бұл, ернімнен төгілмеген,
Бір жарқыл бұл, көзімнен көрінбеген.
Бір гүлін көңілімнің келдім сақтап,
Жолықпай жүрген жанға өмірде мен.
Бір дірілім жанымда шықпай жүрген,
Шықпай жүрген ашылып шықтай жырмен.
Үміт пе екен, мұң ба екен,
арман ба екен,
Тыншымды алған ол не екен, ұқпаймын мен.
Қиялдан да арманның жүгі басым,
Жүгіресің, жол таппай жығыласың.
Кірпігімді жабамын, көздеріме,
Батқан күннің түсіріп шұғыласын.
Бір арман қолын берсе күліп келіп,
Ә, дегенде, сене алмай, күдіктеніп.
Көзімдегі жарқылды шығарармын,
Ернімдегі күлкіні үміт төгіп…
Жаным толқып ішімнен езілермін,
Тәңірім-ау, сол ғой бұл, өзі дермін.
Бақытыма сеніп, не сенбесімді –
Білмей мен өзіңе бір кезігермін!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері