Еркекті қатын бақпасын – Алтынай Алиева

Бұл бетте «Еркекті қатын бақпасын» атты Алтынай Алиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзінің жаққан ошағын,
Медет қып, әйел сақтасын.
Тәңірдің қосқан қосағын,
Бақытқа балап, жақтасын.
Тұлпардың әбзел тоқымын,
Еншілеп есек жатпасын,
Ері тұрып, әйелдің -
Билеуінен сақтасын.
Көнсек те, өмір өртіне -
Еркекті қатын бақпасын...

Көлденең келген кесір - мұң,
Жанына ердің батпасын.
Білместің күйін кешіргін,
Жігітті - ісі, ақтасын.
Сүрінбей сыннан өтетін,
Ардағын ана мақтасын.
Бұйырған кетпес, дегенмен -
Еркекті қатын бақпасын...

Қырағы мінез қыранның,
Қанатын дауыл қақпасын.
Өресі биік ұланның,
Мұқтаждық жолын жаппасын.
Тұғырлы болсын азамат!
Еріңмен жұмақ бақтасың.
Біреуге жақсын, жақпасын,
Елдің күні - ерімен,
Еркекті қатын бақпасын...

#жүректегіжазбалар_АлтынайАлиева
#жүректегіжазбалар
26.09.2021ж


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері