Жырым менің жүйрігім – Серік Томанов

Бұл бетте «Жырым менің жүйрігім» атты Серік Томанов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1513
Әбзелдерін әзірлеп таққан асыл,
Жалын сүзіп, жырымды баптағасын.
Шарт түйдім де құйрығын, қоя бердім,
Қаратып халық тұрған жаққа басын.

Жырым менің, жанардан жас парлатып,
Заула жолдың құм-шаңын аспанға атып.
Көзі шығып көлдердің шарасынан
Таулар тынып, қалсын бір тастар қатып.

Заула жырым, жер шарын айнала шап,
Тұяқтарың талмасын ойған ошақ.
Жетерінді сеземін жүректерге
Орта жолда ор құшып жайрамасаң.

Заула жырым, тоқтамай үш ілгері,
Жарты жолда қалмасын күшің кеміп.
Жаралы жүректерге дем беріп өт
Ортайып қалсын қайғы ішіндегі.

Жүйткі, жырым-жүйрігім, желқанатым,
Жеткіз, жылдам жыраққа кең дала атын.
Қазақтың қиыры кең даласында
Ақын барын жер жайлы толғанатын.

Заула жырым, белдерден батыл асқын,
Сен үшін мен жанымның отын аштым.
Тек жетіп жығылғайсың жүректерге
Балтасына жолықпай Батыраштың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері