Аппақ гүлге көміліп аула қалды – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Аппақ гүлге көміліп аула қалды» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.01.2022
  • 0
  • 0
  • 794
Аппақ гүлге көміліп аула қалды.
Көктем бізді соғыссыз жаулап алды,
Жан жүректің астынан жалын көрдім,
Жалын біткен сүйеді лаулағанды.
Қол көтердік көктемге қарсылықсыз,
Сағым қуып бекерге сарсылыппыз.
Шалдықпайық, бекерге шаршамайық,
Шүкір, шүкір, бармыз ғой, баршылықпыз.
Керегі не көктемге қарсыласып,
Шыр айналды нұр шапақ шаршы басып.
Тау басына шыршалар қолын созды,
Қатар-қатар тізілді аршын ашып.
Жасыл туы жеңістің желбіреді,
Ғашық болды адамдар, елбіреді.
Саңылаудан құйылды сары сәуле,
Терезеден бір жұпар жел кіреді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері