Мына күн неге мені тоңдырады – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Мына күн неге мені тоңдырады» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 614
Мына күн неге мені тоңдырады,
Көктемнің көп еді ғой мөлдір әні.
Жанары жағалаудың жалбарынып,
Әлдене айта алмады көл құрағы.
Барады өмір ұшып бақбақтайын,
Тұрады бойын түзеп аппақ қайың.
Несіне қап-қара түн тез келеді
Жабылған жарық күнге қақпақтайын.
Несіне қап-қара түн тез келеді,
Дайындап ақыретті кездемені.
Мәңгілік ғалам барын қараңғыда
Жақсы еді жүрегіңнің сезбегені.
Өмір бар мәңгілікті қараңғыда,
Білмейміз, жарамсыз ба, жарамды ма.
Адамзат баласына әділ дейді ол,
Тең бөлмей жомарт пенен сараңды да.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері