Айналасын қуанышқа кенелтіп – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Айналасын қуанышқа кенелтіп» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 756
Айналасын қуанышқа кенелтіп,
Тұра қалды жұпар иіске жел елтіп.
Желбегейін шешіп жатыр жасыл жаз,
Тырналарын жылы жаққа жөнелтіп.
Жер қарайды көк жүзіне құмартып,
Құштарлықтың құмартқаны тым артық.
Сарғыш орман тасасына жоғалды
Жасыл жаздың көлеңкесі мұнартып.
Көңілді күн қай бағытқа көлбеді,
Тербетумен жүрген еді ол мені.
Босағанын көзге тақап көрсетті
Сылдыраған судыр күннің шөлмегі.
Жаз ұзады, жұпар исі қалқыды,
Сары күннің ашылғанда алқымы.
Қырмызы гүл қауызына тамады
Құралайдың қырдан түскен салқыны.
Қырмызы гүл қауызына тамады,
Домбыраның сылқылдаған шанағы.
Сарғыш сәуле сағым болып ұшты да,
Жаздан қалған жапырақты санады.
Ағады күн, ағады күн, ағады...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері