Елуді аңсау – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Елуді аңсау» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 908
Елу деген ел бар ма, бар болса егер қайда екен,
Ұрты толған май ма екен, мінген аты тай ма екен?
Бауырына тігіліп алты қанат ақбоз үй,
Толықсыған күн бе екен, жарқыраған ай ма екен?
Елу арман еңсерген елу деген ел бар ма,
Жағалауы ен тоғай айдын шалқар көл бар ма?
Үйір-үйір құмдары иір-иір шөл бар ма,
Құлан аспас бел бар ма, арыны асау сел бар ма?
Ақ арыстан ақырып, атылады айға тік,
Қырдың бойын ойнатып, Сырдың бойын жайлатып.
Шашасынан су төкпес сәнмен басқан жирен бе,
Ойнақтаған күрең бе күміс тұрман сайлатып?
Алты қарыс азуы, жеті қарыс желкесі,
Елдің сүйген еркесі, арқар мүйіз серкесі.
Елу қыс кеп, бұлт көшіп, елу жауын көлдетіп,
Елу рет жаңарған айналайын жер төсі.
Бір қылт еткен қырық тұр қыр астында қылаңдап,
Қырық түлкі жосыды төбе жақтан бұлаңдап.
Бес қаруы бойында, тақымында құранды ат,
Қырық әскер, қырық қол жауға шапқан ұрандап.
Елу деген не екен,
Көңіл көзі оянып, көкжиекті көруі,
Елу пардан ат жеккен күймелердің шеруі.
Бытырлатып бұлттардың омырауын сөгуі,
Омыраудан сүт құсап, ақ жаңбырдың төгуі.
Сыбызғыдай сызылып ұшқан әуен сырнайдан,
Еміс-еміс естіліп, бір шығандап тұр қайдан?
Дутардағы елу саз, елу ішек созылған,
Айқыш-ұйқыш жатқан жол, бітпейтұғын бір майдан.
Суырылған тік жебе ұлан-топыр алқадан,
Тізген көйлек мақпалдан, тізген шапан қамқадан.
Орып түскен орақ ай құлап жатқан шалқадан,
Оттай ыстық алақан қағып тұрған арқадан.
Сауыт киген алтыннан әскердегі қолбасы,
Қабарзыған далада сыңар малта болды асы.
Өзі оққа ұшса да, жауға бермес жолдасы,
Елу көзді торқасы, батырыңды толғашы.
Жарқ еткен бір найзағай ой ордасын талқандап,
Жауға ұмтылған арда кез семсер менен қалқанды ап.
Шыңғыртатын асауды қылдан ескен арқанды ап,
Сұлу қызға қарар кез көз астынан жалтаңдап.
Өрге қарай өрлесіп, төбе шыққан тер кешіп,
Елу бақыт, елу мұң, елу үміт, сор, несіп.
Қазынасын ақтарып, көрсетеді жиғанын,
«Анадай бар біздерде, мынадай бар, көр» десіп.
Ойраң-ойраң ойнаған елу төбе, елу бел,
Әр төбенің қызығын жеке-жеке көруде ел.
Былқылдаған елу қаз, жамыраған көп тырна,
Көп тырнаның тізбегі қонды ма екен көк қырға?
Аппақ шаңқан киізден елу үй бар тігілген,
«Келдің бе аман, төрлет» деп, құрақ белі бүгілген.
«Елуге өзі барады аттан түсіп» деседі ел,
Бала құсап мен сені шақырдым-ау, кеше гөр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Елуді аңсау өлеңінің авторы кім?

Шәмшия Жұбатова — осы өлеңнің авторы.

Елуді аңсау өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Елуді аңсау өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Шәмшия Жұбатова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Елуді аңсау өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері