Жолыма әкеп қызғалдағын төсеген
Бұл бетте «Жолыма әкеп қызғалдағын төсеген» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жолыма әкеп қызғалдағын төсеген,
Жүріп келем мен бір шулы көшемен.
Нені күтіп, кімді көрсем дейді екен,
Дүрсілдейді сорлы жүрек кешеден.
Қарсы алдымнан қол ұсынып жан аға,
Кіріп келем мен бір жарқын қалаға.
Сүгірет қып салып жатыр таңбасын,
Сағыныштың сары табы санада.
Тежедім де құстай ұшқан ат басын,
Қағып тұрдым биік үйдің қақпасын.
Әзіз ана ақ жаулығы желбіреп,
Ықыласпен ұсынады тәтті асын.
Жолға шықсаң, жан сарайың кеңіген,
Жол үстінде таныдым-ау сені мен.
Ұлы өмірдің ұлан-ғайыр тынысы
Сергітеді сапарларда демімен.
Тыныштықтан тұншықтым да, салдым ән,
Тіршілікте сол бір әннен қалды мән.
Түн ішінде құшақ жайып алдымнан
Жым-жырт ауыл шыға келді қалғыған.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі