Жалғызым сен – Гүлнәр Шәмшиева

Бұл бетте «Жалғызым сен» атты Гүлнәр Шәмшиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1265
Тылсымдағы тереңіңе қарай алсам, келермін,
Иләһи қызметіңе жарай алсам, келермін!
Бойымдағы арамшөптен ада болсам, келермін,
Жырым, Жалғызым - Сен!

Жасыл шығып, жердің төсін жайнатқанда келермін,
Мөлдір көлге сүтін төгіп, Ай батқанда, келермін!
Алтын ғасыр алтыбақан ойнатқанда келермін,
Нұрым, Жалғызым – Сен!

Көкжиектен жарқ еткенде – мың найзағай, келермін,
Дүниеге көңілімді бір байламай, келермін!
Періште-әуен сыңсытқанда, сырнай-сарай, келермін,
Пірім – Жалғызым Сен!

Сен көктеткен мың қызғалдақ – алауласа, келемін,
Жаратқанның әмірі мен қалауы боса, келемін!
Ишқ-шарап жұтып, бір күн, таң аунаса, келемін,
Күнім – Жалғызым Сен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері