Қызыл Ай – Сәулеш Шәтенова

Бұл бетте «Қызыл Ай» атты Сәулеш Шәтенова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1091
Түсі неге қызғылт анау Айымның?
(Жүрегімде ізі де жоқ уайымның).
Білесің бе, сен шақырсаң...сенімен,
Жер түбіне баруға да дайынмын.

Түн төсінде жанып тұр бір шырақ - Ай,
Сені ойладым тағы, тағы шыдамай.
Ілесер ем сен шақырсаң егер де,
Қайда бара жатқанымды сұрамай.

Қиялымнан бір аққала тұрғызып,
Сонсын оның еритіні...тым қызық.
Қызғылт Айдың аясында сыйлады,
Әлдебіреу сүйгеніне гүл, жүзік.

Ойлай берем сені, бақыт жайлы да,
(Бой алдырмай бір бойкүйез қайғыға).
...Әлгі жігіт, қолы жетсе, сол қызға,
Ойланбастан сыйлар еді Айды да.

Сол бақытты қызды-ай, оның жүзігі-ай!
(Жалғанбайтын қиялымның үзігі-ай).
Көз көрмейтін жер түбіне шақырып,
Маған неге сыйламадың қызыл Ай.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері