Сен сөйлесең

Бұл бетте «Сен сөйлесең» атты Қатира Жәленова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 789
О, домбырам!
Сөйлейсің сиқырлы үнмен
Мың тілде сен,
Табасың көңілімнің кілтін де сен...
Қайдағы мұң-шерімді қозғамасаң,
Шық болып кірпігімде іркілмес ең.
О, домбырам!
Сөйлейсің сиқырлы үнмен
Мың тілде сен
Табасың көңілімнің кілтін де сен...
Өзің кеп тағы мені жұбатпасаң,
Арылып мұң-тозаңнан сілкінбес ем.
Сен сөйлесең:
Тау басынан құлайды сарқырама,
Сарқырама тартылып, сарқыла ма?!
Көз алдыма келеді жапырақтар
Ағын сумен жөнелген қалқып аға.
Сен сөйлесең:
Қара нөсер сабалай даланы ұрып,
Ішін тарта өксиді боран ұлып.
Қуаласып найзағай көк төсінде,
Жабы бұлтты турайды дода қылып.
Сен сөйлесең:
Сыңсығаны естіліп қара орманның,
Көк желегі желбіреп таранған мың.
Сандуғаштар сайрайды күміс көмей,
Үлбіретіп қауызын ақ арманның.
Сен сөйлесең:
Самал есіп, жетеді көктем лебі,
Жұпар исі бұрқырап өпкен мені.
Сары майдай ерітіп сұлу көктем,
Маған ғана жылуын төккен бе еді?!
Сен сөйлесең:
Алай-дүлей ұйытқыған күз бораны
Ызғарымен жанымды сызға орады.
Сары күздей
Көңілге сабыр түсіп,
Күйіп-жанған жүрегім
Мұз болады.
Сен сөйлесең:
Естіледі сыңғыры балбұлақтың,
Естіледі сыбдыры талқұрақтың.
Бір өзіңе сыйғызып
Табиғаттың
Бар бояуын...
Бойымды балбыраттың!
Сен сөйлесең:
Салып еске жастықтың бұла күшін,
Өзіне тән қайғысы...
Қуанышын...
Қайта оралып
Жап-жасыл күндеріме,
Сағыныштан уылжып тұрады ішім!
О, домбырам!
Шанағыңа күй болып тұнып тұрып,
Қайғы-мұңды алайын бір ықтырып.
Жүрегімнің дертіне дауа бол да,
Киелі екеніңді жүр ұқтырып!!!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Сен сөйлесең өлеңінің авторы кім?

Қатира Жәленова — осы өлеңнің авторы.

Сен сөйлесең өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Сен сөйлесең өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қатира Жәленова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Сен сөйлесең өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері