Жетім күз және мен – Ұларбек Дәлейұлы

Бұл бетте «Жетім күз және мен» атты Ұларбек Дәлейұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 18.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1270
Жазайын тағы да жыр,
Сен менің мынау көңіл бағыма кір.
Күрсініп күзгі өзен жатыр ағып,
Анасы өлген жетімнің зары ма бұл?!
Жетімдік...
Жетім тағдыр,
Жетім дала,
Көңілсіз жел сипаған бетін ғана.
Қаңбақ – өмір қаңбақтай домалайды,
Құйын қуған пәтшағар есімді ала.
Жоқтау айтқан тырналар керуені,
Түн бойы тыным алмай егіледі.
Бұл не деген беймаза өмір еді,
Жүрегім де бір сұмдық сезінеді.
Мына өмірді не қалды жоқтамаған,
Қайыршы моласындай қостар анау...
Тарғыл төбе басында сыңсу айтып,
Жылап жатыр селтиген топ қараған.
Жоқ мұнда жаздағыдай жасыл құрақ,
Тым алысқа бұрған ба, басын бір-ақ?
Үн қосып бейуаққы боз боранға,
Жаралы махаббатым жатыр құлап.
Уақыттың бәрінде тонағанын,
Көрем де мен келмеске жол аламын.
...Күзгі жел сипар талай сүйгенімнің,
Қабіріме байлаған орамалын...

07. 10. 2000 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері