731 жыл. Күлтегіннің соңғы сәті

Бұл бетте «731 жыл. Күлтегіннің соңғы сәті» атты Ұларбек Дәлейұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 22.01.2022
  • 0
  • 0
  • 561
БІРІНШІ СӨЗ
Е, Білге ағам, ер Қаған!
Тірліктегі өкпең болса бер маған.
Тұман көрдім Селенгіні қаптаған,
Соңғы сәтім сес жасап тұр,
Сол жаман...
Кездерімді жығылған, сан сүрінген,
Қайта-қайта есіме алдым бүгін мен.
Отты айналып орда алдынан ұзамай,
Түні бойы боздап шықты бір інген.
Ол боздаса Барыскөлден көш құлар,
(Сірә, қазір бір жамандық жоқ шығар).
Сұмдық екен оны тыңдап ояну,
Әй, бірдеме сезген шығар есті мал...
Қорқаулардай үймелеген мүрдеге,
Қалың дұшпан қыңсылайды іргеден.
...Маңдайшамда қалсын солай ілулі,
Қос өкпемнен көктеп өткен сұр жебе.
Ана – далам!
Маған бір сәт берші дем,
Жарықтық ай, қос омырауы тершіген...
...Не болды екен, әлі күнге хабар жоқ,
Табығашқа кеткен топты елшіден.
Жау көбейер өлгенімді білгесін,
Мықты ұстаңдар Енисейдің іргесін.
Мені әкеткен ажалды іздеп соңынан,
Борла Қатун боздап жылап жүрмесін.
Борла Қатун!
Бөрі туған текті анам,
Оралсын деп сауын айтты көк маған.
Жасы жетпей, жорық туын түсірмей,
Өкпелеме!
Тастап кетті деп маған.
Тозбасы үшін қайта-қайта пысықтап,
Оны уақыт,
Өз қолыңмен ұшықта!
Кейінгі ұлдар кетпесін деп табынып,
Көкбөрі емес, қайдағы бір мысыққа...
Бөрі тегін бұлдырықтай сағынған,
Бір жан өтпес,
Менің ғазиз жанымнан.
Тасқа қашап тарихымды жазыңдар,
Сонау тұрған Қарабаласағұннан...
Көктеп шыққан менің маңдай теріммен,
Бір түп қайың құламасын жерімнен!
...Мынау күннің күркіріне қосылып,
Әне, тағы боздап жатыр сол інген...

ЕКІНШІ СӨЗ
...Е, Білге ағам, ер Қаған!
Қоштасайын, қолыңды енді бер маған.
Ажал келсе қарсыласпа сен де оған,
Көзін сығып күйзелмесін көл де оған,
Қаным сарқып өзім жаудан қорғаған,
Белін иіп босамасын жер де оған.
Біз көрген тек, кесапаттың алды бұл,
Жатыр күтіп әлі талай қанды жыл...
Бізден қалған бостандықтың тамтығын,
Басын тігіп қорғайды әлі сан мың ұл.
Ер Түріктің ерен қолы енбеген,
Сәлем шөлдер!
Мен тірімде көрмеген.
Аманат боп саған қалды бұл жондар,
Ұлы Қаған Тоныкөкті жерлеген.
Қалар далам,
Жау қанына шөлдеген,
Қалар таулар,
Жау жолында көлденең.
Уа, күн түбіне жортқан Беглерім!
Аспанға тұтқан өрмегім!
Жорық үсті жұлқынған қабылан жүрек
ерлерім!
Ояу жатқан ұлы дала рухынан,
Тоят тапқан шерменім!
Бұрһантауда бура сойып ант ішкен,
Бұландыкөлде бұғы терісін киіскен,
Бұлт жамылып, буына желдің семіріп,
Ақырып жауға тиіскен!
Ерлерім саған Аманат!!!
Орхонсуда күзет қылған түнім еш,
Болмасын деп Бозордама құлым өш!
Алтай бетін айғыздайды қаншама,
Бүгін бізден бастау алған ұлы көш.
Әспеттеген Түрік атын, Ғұн атын,
Өз ұлтымен бірге қойған мұратын.
Бесігінде аман өсіп сол көштің,
Тым есер боп ержетеді бір ақын.
Біз алыстық,
Ел болмасты ел қылдық,
Сыздап аққан жетім суды көл қылдық.
Қол бастадық,
Қолға ерген халыққа,
Ертең ұлы ел боларын сендірдік.
...Мың екі жүз жетпіс тоғыз жылдан соң,
Мені жоқтап жыр жазады сол мұңлық...
Күмбез асты көк Тәңірін күш тұтқан,
Бұл даланың намысындай қыстыққан!
Талай ұлы ұрыстарға кіргізер,
Менен жеткен бір тамшы қан,
Ыстық қан!
Майдан аңсап алып біткен тағатын,
Өр көңілі сөндірмеген жан отын..
«Күн тағдырлы ұлтым аман болсын!» деп,
Жоқтау жырын аяқтайды сол ақын...

14. 04. 2010ж


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

731 жыл. Күлтегіннің соңғы сәті өлеңінің авторы кім?

Ұларбек Дәлейұлы — осы өлеңнің авторы.

731 жыл. Күлтегіннің соңғы сәті өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

731 жыл. Күлтегіннің соңғы сәті өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ұларбек Дәлейұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

731 жыл. Күлтегіннің соңғы сәті өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері