Өлең, жыр, ақындар

Құмдағы шайыр моласына қашалған жыр

  • 22.01.2022
  • 0
  • 0
  • 363
Күн астында арқандаулы есектей,
Көмпіс ғасыр мүжілуде судағы мұз кесектей.
Сайф Сарай жырындағы сол дана түн, қара түн,
Тамұқтың ең түбіндегі шоққа малып қанатын.
Мың сан жасақ жұлдызымен қоршап алып іргені,
Босағада тұрған құлдай келеке етер құм мені.
Байырғы бір керуендер басып өткен сүрлеуге,
Бозаң айдың боз сәулесі шашылады бір демге.
Қиқуы өшпей құлағында қантөгіс пен ұрыстың,
Ежелден-ақ соры қалың бұл бейкүнә шығыстың.
Қарға, құзғын сұлулардың омырауында тояттап,
Кешкі ұйқымнан құрсақтағы сәби даусы оятқан.
Шық тұнған қыр бейне менің күзгі өкініш
жасымдай,
Бозаңғырт Ай шөлде қурап қалған ақын
басындай.
Иесінің өмір көшін алдап соққан ұры күн,
Қосаяқтар кеміреді алдаспанның сынығын.
Көне Түрік сарбазының санына ілген садақтан,
Орта шығыс орманынан үркіп атқан абат таң!
Сақал-шашын қылау-қылау шаңы басып
ғасырдың,
Көшпенді шал жүзін құмға көшіп жүріп
жасырды.
Енді олар жоқ!
Сенде жоқсың, ей, мызғымас құба қыр,
Қария құм құрсауында болар ақыр тұрағың.
Әлі күнге ажал жайлы ақиқатқа берілмей,
Адамдар жүр қателігін қайталаудан ерінбей.
Жебірейіл семсеріне күніне бір кездесіп,
Оған тағы асықпайды ақындардан өзгесі.
Хауыз бақта шарап ішіп, айтылып сан күпірлер,
Кедейліктің күрмеуіне сабаздарың түкірген!
Тынымсыз бұл тіршілікке бермей өткен кеудесін,
Ғазал пірін маусымдар кеп мәпелейді өлгесін.
Сол ерлердің моласына керуен-керуен жыр түнер,
Шоқ жусанды жуындырып, таңғы жаңбыр
сіркірер.
...Сайф Сарай жырындағы сол дана түн,
қара түн,
Тамұқтың ең түбіндегі шоққа малып қанатын.
Айрық жолға өзің тіккен жыртық-жыртық
қосыңда,
Саған да бір кезек берер соңғы жырыңды оқуға.
Суық күліп табытыңды өз қолымен шегелер,
Құм жырына құлақ түріп құлпытасың көнерер.
Рухыңды бауырына басып үнсіз тұмандар,
Мазарыңның іргесінен ін қазады жыландар.
Мен сияқты дос боласың үнсіздік пен мезгілге,
Мен сияқты қас боласың уайымшыл сол күзге.
Бейуақта еске салып фәнидегі күнәсін,
Жанап өткен жолаушыға үрей сыйлап тұрасың...
Мен сияқты...

28. 02. 09 ж



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жетім күз және мен

  • 0
  • 0

Жазайын тағы да жыр,
Сен менің мынау көңіл бағыма кір.
Күрсініп күзгі өзен жатыр ағып,
Анасы өлген жетімнің зары ма бұл?!

Толық

Күй

  • 0
  • 0

Боз мұнар үстінде бусанып билеген,
Бозамық ай, сен де талыққан шығарсың?
Тәкаппар жондарды қамырдай илеген,
Баспалап жетті үнсіз жезтырнақ шұбар түн.

Толық

Александрия маягы

  • 0
  • 0

Шетсіз-шексіз мұхиттан аттап өтіп аласа,
Босағама келді үнсіз қартаң жүзді қараша.
Қабағында қорқыныш, әлде уайым,
Әлде мұң,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар