Өлең, жыр, ақындар

Некелескім келмейді

  • 27.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1122
(аударма)

Некелескім келмейді
Үйленбеймін, ана, мен,
неке деген - бір ғаріп.
Бас қатырып баламен
не жыным бар шырмалып!
Өкпелеме, анажан,
Жер де жыртқым келмейді:
егін еккен даладан
шапанымды жел жейді.
Жолдас болма кіл ерге,
қолқалама үйлен деп.
Әйел алып
жүрем бе
от басында күйбеңдеп!
Мырзалардай күн кешем,
ішіп-жеймін - жұмысым.
Алшаң басып жүрмесең,
өмір деген құрысын!
Деп ақымақ бір казак
даңқ іздеп із кесті.
Ана байғұс мұңды азап
шегуменен күн кешті.
- Қайда кеттің, Иваным,
тастап үй мен еліңді,
неге мені қинадың? –
деп анасы егілді.
Жыл артынан жыл өтті,
шамы да өшті үйінің.
Ананың да күні өтті
көтере алмай күйігін.
Жалба-жұлба түрімен
келді бір күн батырың:
жоқ баяғы гүл ірең,
үні де әлсіз, ақырын.
Отырды енді байғұсың
өмір мәнін кеш білген,
жүрегінің қайғысын
бөлісе алмай ешкіммен.
Қаңыраған үйге еніп
қайғы зәрін ішеді.
Баяғыда-ақ үйленіп
отыратын кісі еді.
Қайда жастық, жігер, үн,
қайда шаттық, қайда бақ?
Мұздай болған жүрегін
Кім жылытар аймалап?
Жасы ағылды арна боп,
шоққа салды қайғы-ұста.
Су беретін жан да жоқ
ғаріп болған байғұсқа.
***
Еркім жоқ, қайғы — татқаным,
таба алмай жақын сырласты.
Іздедім, бірақ таппадым,
жанымды тұман-мұң басты.
Құдайды да іздеп сандалдым,
Кеше гөр мені, жасаған!
Зулайды мәнсіз тарлан-күн,
қайғысын тосып тасадан.
Ойларым улап сананы,
өтуде зармен от күнім.
Ғұмырым кетіп барады,
еске алатын да жоқ түгім.
Тіледі жүрек дос рай,
жылайды, жаным солады.
Өлікті көмер осылай
даланың қарлы бораны.
***
Күздегі қайтқан тырнадай
менде де жылдар қайтуда.
Отырам қалай жырламай –
жазамын, жай жоқ айтуға.
Жырыммен алдарқатамын
ақымақ мына басымды.
Өзімді содан матадым,
шақырып көктен жасынды.
Қысқартып қыстың түнін мен
кегімді сөзбен қашадым.
Өзіме сөйтіп жырыммен
шынжырлы бұғау жасадым.
Мырзалар біліп мұнымды
төндірді сұсты бұлттарын,
уласын мендік ғұмырды –
тараса болды жұртқа әнім.
Күштіден зорлық қалған ба –
айырсын мейлі достардан,
кеудемде шыбын жан барда
көзіне жырдың шөп салман!
***
Сол бір байтақ даланы да,
биік корған-моланы да,
бұлбұл үнді сол түнді де,
діріл, сезім, көркіңді де
мен ешқашан ұмытпаймын.
Бірақ, бірақ ашынар жай –
неге кеттік қосыла алмай?
Елжіресіп жүргеніміз,
сол бір тәтті күндеріміз
өте барды өң мен түстей.
Мен өткіздім жастығымды
татып айдау - ащы мұңды,
сен өткіздің жастығыңды
жалғыз, жесір... пеш жағумен.
Күн кешеміз еске алумен
өлген жылды, сөнген нұрды.

ТАРАС ШЕВЧЕНКО



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаным пәк, аппақ едім

  • 0
  • 1

Жаным пәк, аппақ едім
балауыз балапандай,
күлімкөз, мақпал ерін,
күлкімнен таң атардай.

Толық

Ойларым менің – тамырын жайған гүл шыбық

  • 0
  • 0

Ойларым менің – тамырын жайған гүл шыбық,
талпынар күнде сәулелі нұрға ұмсынып.
Тірлікке бейуақ шырылдап келген сәбидей,
қалайды жаны тұрғанын мәңгі күн шығып.

Толық

Жолдағы достар

  • 0
  • 0

Келдім мен астанаға
серік қылып көгілдір арманымды,
тамашалап жағада таңғы ағынды.
Қала жатты оранып боз тұманға.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер