Өлең, жыр, ақындар

Әрі де бері толғайын

  • 29.11.2015
  • 0
  • 0
  • 1999
Әрі де бері толғайын
Ертеде өткен қалмақтан.
Ноғайлы босып қозғалды
Ашасу, Бозан тармақтан.
Ноғайлы көшіп кеткен соң,
Иесіз қалған Нарынға
Нәсібе айдап, дәм тартып,
Бабамыз келген ар жатқан.
Нарыннан көшкен көп қалмақ
Өткел тапқан Дендерден,
Аққала, Жайық жерлерден.
Әңгіме етіп айтамын
Бұрынғы өткен елдерден.
Сөйлегенмен не пайда
Сайраған қызыл тілдерден?!
Осы күні не пайда
Бұрынғы өткен күндерден?!
Баяны жоқ ұм жалаған
Қалмаған екен кімдерден?!
Әрі де бері толғайын
Ертеде өткен ноғайдан.
Пайдасын өзің көрмесең,
Не пайда алтын сарайдан?!
Өлгеннен соң ер
Тарғын,
Ақжүніс қашып, ұсталды
Мынау Нарын тоғайдан.
Билік кетті, біз түгіл,
Шың жайлаған Адайдан.
Қарға бойлы Қазтуған
Халқын аман өткізіп,
Өткен де екен алайдан.
Бұрқыраған шаң болып,
Адыра қалғыр бұл Нарын
Қалған екен талайдан.
Басы шоқы, Дүртебен,
Талас екен екеуі
Шыпшаның тозаң тұзына.
Тағасын қағып ат жеккен
Ақтөбе, Бозан мұзына.
Қабыртаң мен Едіге-
Талас екен екеуі
Сәтемір ханның қызына.
Астархан деген шаһары-
Әз Жәнібек ханның қаласы.
Салған жерін сұрасаң,
Күркіреген дауысы
Күншілік жерден естілген
Еділдің анау сағасы.
Сол хандардың тұсында
Асақайғы, Жиренше-
Ол күндегі адамның
Ақылға күшті данасы.
Жүруге өткел бермеген
Қиғашпенен екі су
Екеуінің арасы.
Соларды мекен етіпті
Көгістің ұлы Тамасы.
Қызылбасқа қасқарып,
Өзі мықты, өзі ер -
Жолығуға аттанған
Қарт Нәріктің Шорасы.
Бұрынғы өткен елдерден
Сарайшықта бар дейді
Жеті ханның моласы.
Көп қалмақтың басқан жер
Үштолғайдың обасы.
Орманбет бидің қонған жер,
Он сан ноғай тозған жер
Тұрағы кетіп бұл күнде,
Талай да жұрттан қалған жер.
Қаратай мен Тайша хан
Бірін бірі өлтіріп,
Арғы асылын сұрасаң,
Әйелден занта болған жер.
Едіге деген ер еді,
Елде біреу жыласа,
Мынау мұндық дер еді.
Ерегіскен дұшпаннан
Бөрідей сілкіп жер еді.
Талма тал түс болғанда,
Таудан тарлан басып жеген бөрі еді.
Аштарханнан бергі Ақбұлақ
Әз Жәнібек ханыңның
Құладан салған көлі еді.
Жалақтатып ат мініп,
Жарқылдатып ту алып,
Орақ пенен Мамайдың
Ат шаптырған жері еді.
Сізге айтайын дегенім
Бұрынғының жөні еді!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бойында Үштемірдің Әлім жүрген

  • 0
  • 0

Бойында Үштемірдің
Әлім жүрген,
Қолында тауарих жоқ алып жүрген.
Өмірден өтпейтұрғын адам бар ма,

Толық

Халінен баяндайтын заманымның

  • 0
  • 0

Жебесі шын болаттан садағымның,
Әдеті осылай ма еді қазағымның?!
Аңырап қайтіп қарап отырайын,
Алдына келгеннен соң адамымның.

Толық

Қарап көріңіз