Өлең, жыр, ақындар

Европаға арнау

  • 16.02.2022
  • 0
  • 0
  • 863
(аударма)

Мен Америка ұлымын:
жүдеу дала - тұғырым,
көкірегін жатқан қатпар тау басып,
адамдары бір-бірімен жауласып,
жұлқыласқан, қанды қылыш сермеген,
тіпті қара Жерге маза бермеген
Америка деген елдің ұлымын,
ел кезумен өткен асыл ғұмырым,
туған далам бұйырмай
паналайтын жер таппағам құйындай,
бар өмірге селқос көзбен қарағам,
европалық ақ адам –
сыздықтатып шарап ішкен керіліп,
сөз айтуға ерініп,
саған келдім үйренуге, шын мықтым,
барлық-барлық бұлтарысын тірліктің!
Қара жерді басып қайтем, егер мен
қасиетін көре алмасам тереңнен,
неге керек алыс жолдар мен іздер,
толқын атқан теңіздер,
сезінбесем неге қажет ақ таңдар,
сондықтан да мен келгенде
қақпаларды жаппаңдар.
(«Испания қақпалары» кетер емес есімнен,
қан шашырап, қырық жерден тесілген).
Қажеті жоқ, көрсетпеңдер
сайқалдардың жылтыраған бұрымын
дарларыңды гректерге сайлаған
әскеріңді - бес қаруы жайнаған
мұның бәрі -
көктен түскен жай маған.
Жоқ, жок,.. Көргім жоқ менің
(онсыз-дағы қайғы уынан
жаным қызыл шоқ менің),
өліп жатқан солдат көрсем
төзе алмаймын, төзбедім -
құзғын қарға қарық болған шұқып,
ойып көздерін.
Ағайындар, көрсет маған бар елде
(қуанайын, жар салайын әлемге)
тіршіліктің қызығы мен шаттығын,
өмір-көктем екендігін дәлелде!
Көрсетіңдер, мен сүйсініп қарарым
ақ бидайлы даланың
кеудесінде еркін жүзіп көсілген
комбайындай алыптарын жағаның.
Көрсетіңдер шыңның ұшар басында
алаулаған туларыңды
ғасырға
ұран тастап момындарды, бар жанды
бостандыққа талпындырған, таңға алғы.
Сосын маған көрсетіңдер:
алтын арна сағасында табысып
өр Еділдің тасқындары
құйып жатса жарысып.
Көрсетіңдер кеше ғана өліп қалған
Польшаның
тірілігін,
қолы жеткен еркіндікке мол шағын.
Қарт Сібірдің қар жамылған даласына,
айталық,
гүл өскенін жайқалып -
осыларды көрсетіңдер, ағайын,
мен бір өсіп қалайын.
Мен - Америка ұлымын,
жалғыздықтан адамдары сенделген,
Европа, әдейі арнап келгем мен
үйренуге сенен өмір сырларын,
Кетсін дегем мұңдарым.
Еш көргім жоқ тек менің
(Испан қанын көріп содан дертті едім)
ажал менен қырғынды,
қыршын кеткен құрбымды!
Мүхит кешіп толқындармен таласып,
Кордильер тауларынан тағы асып
бит қаптаған абақтыдан
әрең-әрең сытылып
келіп тұрмын, мақсатым -
көру, білу сендерді,
сендер өткен жолдар менен жерлерді,
бір кездегі қан сасыған белдерді.
Аңсап келдім алыстан
тойларыңда би билеуге, ән салып,
бал-дәміңді тату үшін тамсанып,
думандатқан Сіздің мынау өмірден
алу үшін көңілге ем,
сенің алып кітапханаларыңнан
сусындауды сағынғам,
жарқылдаған заводтарды көрсем деп,
сенің қайсар жұмысшыңның қол сермеп
сөз айтқанын көру - менің арманым,
сонда үзілген үмітімді жалғарым.
Европа, жүрсем деймін мен бүгін
бар еліңді аралап,
Венеция, Венгрия, жаңа бақ...-
бәрімен бір сырласар ем, күлер ем,
соны аңсаймын, міне, мен.
Лениннің қаласында тұрып алып ертемен
Пушкинмен әңгімені шертер ем,
Прагада Фучикпенен жолығып
ұмытар ем жүрген күнді тарығып.
Европа, мекеніңді мен осылай шарлайын,
шарабың тос, кеуіп кетсе таңдайым,
сосын маған тыныштық бер аңсаған.
Жұлқыстардан шаршағам.
Кетем ертең ертеменен елге мен,
көктеменің шуағын тос, сонымен
тоңазыған жүрегімді емдер ем!

ПАБЛО НЕРУДА



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен бір қызық адаммын

  • 0
  • 2

Мен бір қызық адаммын:
қатал тағдыр сілкілеп мың сынаған,
құлап-тұрып, сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда,

Толық

Біреулер масаттанып табысына

  • 0
  • 2

Біреулер масаттанып табысына,
жүгірер бас пайдаға жан ұшыра.
Біреулер билік тисе маңғазданып,
ұмытар қайда екенін абзал халық.

Толық

Мұнай теңізі

  • 0
  • 1

Мұнай теңізі - Фариза Оңғарсынова
Кең даланың астында
Ғажап теңіз бар екен.
Жер бетіне тасқындап

Толық

Қарап көріңіз