Өлең, жыр, ақындар

Ажал деген бір мерген

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1030
І
Басыма қаза тастары
түскенде, таппай көңілге ем,
адам боп аяқ басқалы
зар шегіп келем өлімнен.
Қайғыдан жаным талса да,
қабырғаларым сөгіліп,
өксідім жалғыз қаншама
мамық жастыққа көміліп,
араша таппай зар-мұңға,
жанымды жеді шаң мен сыз,
жазмыштың заңы алдында
тілеулестер де дәрменсіз.
Келер ме бір сәт өтер сең…
Біткендей жанның аңсары.
Енді – енді басты көтерсем,
екінші соққы жаншады.
Қарағайдаймын жай ұрған,
басымнан кетіп базар да.
Қимастарымнан айырған,
не істесем екен ажалға?
Жесе де жанды құсалық,
сөнбесе сәуле жанарда,
өмірдің заңы күш алып,
бастырады екен тағы алға.
1981

ІІ
Сескенбей жүрем. Ой-мұңды,
тұрса да жаннан қан тамып,
жұлсам деп біреу мойнымды
алдымнан шықсын балта алып.
Өткізетіндей елеңдеп,
еншіме тиер көп пе күн?
Жүрердей жауым келер деп
қылмысым, күнәм жоқ менің.
Демеймін алар жазам кем –
назы көп маған ортаның.
Қорқынышты емес ажал. Мен
қорықпағаннан қорқамын.
Жарқ етсе менің көзімде от,
сиқырлық емес жан арбар.
Қалуға өзім - өзім боп
рұқсат еткін, адамдар!
Қиындау менің тағдырым,
сапарым – шексіз, жол – жүкті.
Алыңдар менен барлығын –
қиыңдар жалғыз өрлікті.
Менде де қурар ну арман,
болса да барар жолым көп…
Өрлік пен қайғы суарған
өжеттеу жырға өлім жоқ.
1985

ІІІ
Жақсы көру!
Не деген керемет ең!
Қарағаны біреудің жебеге тең.
Бейқам бара жатқан боп, ал ішімнен
кімдер қалай қарайды – елеп өтем.
Өмір сүру үшін де біреулердің
сені жақсы көруі керек екен.
Сонда жанда от ойнап,
жанар жібіп,
иесіз қалған кеудеме қамалды үміт.
Қадалғаны шаршы топ – саған күдік,
тілеулес те сезімін қарар бүгіп.
Сонда дағы көңілін анау жерден
айтқызбай – ақ –
не сиқыр! –
қалам біліп!
Көп айтса да, сөз емес жаттанды бұл,
жақсы көру дегенің – жатқан ғұмыр.
Сөніп бара жатқанға жан беретін
бұл сезімге қиындау шақтарда үңіл.
Сені ақысыз аялар жандар үшін
тірлігіңнің бәрін де тастап жүгір!
Ажал соғып,
құласа жан-шаңырақ,
елің жоқтап,
сыңсиды арша жылап,
күрсінумен күн өтіп,
тіршілігін
қайта жалғастырады тамсанып ап.
Өмірліге өлім – хақ,
тек артыңда
жақсы көрген адамдар қалса – мұрат!
1981

ІҮ
Не істесем екен өлімге,
қоятын емес бұл залым.
Нұр шашар туған көгімде
жалмады бәрін тұлғаның.
Шабытты демдеп тұратын
аспаннан бүгін жоғалды Ай.
Арманда кетті ұлы ақын,
ұлылық тағын көре алмай.
Ерлікпен елге дем беріп
тұлғасы таудай хас батыр,
қаһарлы тұлға жерге еніп,
орнында қара тас жатыр.
Әділетсіздікте шек бар ма,
жемсауын ажал жемдеген,
тоймаған бір де тек қанға
өрт қойсам ба екен жерге мен!?
Шықшыты қурап кей арам
шалқиды тірлік төрінде.
Салсаңшы тиым, ей, адам,
жолсыздау келген өлімге!
Өзгертпес мазмұн, өң-кейпін,
жер атты байтақ мекенде,
билікке, пұлға көнбейтін
талант пен ажал екен де.
1981

Ү
Тыным көрмей адамзат тырбанады,
көз жұмбайды кіргенше құмға жаны.
Алдырмайды қаншама ұмтылғанмен
жайлы өмірдің міз бақпас сұр қамалы.
Жіңішкерген қыл-жүйке үзілердей
басы қатып,
бір мезгіл жынданады.
Жынданады, білмейді кімге, неге,
атой салып арам қан құл-денеде,
ақыл-патша алжыған, ару-сезім
жесірдей ме, қайтеді, сыр бере ме?..
Сақшы-жанар сәулесіз, жағалаудан
сіңіп бара жатқандай түнге кеме.
Кете алмайды бәрі бір алыс тағы,
тарпаң күннің жалынан тағы ұстады,
сосын қайта тартады бауырына
тіршіліктің иірім-ағыстары.
Өмір-шеңбер бойымен сырғанайды
араласып мысығы, арыстаны.
Құлазиды, кеудеден ән қашады,
бес қаруды лақтырып жан жасағы,
қарай қалса маңына бас көтеріп,
кетеді ұшып шеңберден – шаң басады.
Су жұтарда қалқанға ұмтылғандай
адам өзі-ақ ажалға жармасады.
1982

ҮІ
Тыным жоқ жанда, бастарда,
тыным жоқ жерде, көкте де.
Адамзат бармас аспанға
зулайды бүгін от кеме.
Сана мен ақыл теңдесіп,
жетілген сайын адамзат,
қысымдар тулап жерде өсіп,
шапшиды қаның мазаңды ап.
Ілесіп оймен жел бірге,
жатқандай адам күнді іреп,
Тінтеді жанын жердің де
өтіне дейін тілгілеп.
Туардай алдан жаза – күн
табиғат жасын іркіді,
кетердей шалқар сананың
құрбаны болып бір күні.
Түтінге бөгіп ақшыл Күн,
сарқылды жердің жасы – арна.
Табиғат деген тақсырдың
төзімі жетер қашанға?..
Ажалдың жолын Өмірге
қысқартып жатыр санамыз.
Жасалған істен өңіңде
қандай да болсын қалады із.
1983

YII
Өмір-өлім, жаз бен қыс, көктемеңіз
тіршілікпен о бастан еткен егіз
табиғаттың заңдарын шет көреміз.
Кем-кетікке кінә іздеп айналадан,
үйренісіп алғанбыз өкпеге біз.
Бейнет кешсін ұрынып қамалға ма –
тірлігіне тойымсыз адам ғана.
Өмір сүрсек болғаны алжығанша,
ризамыз жақсыға, жаманға да.
Мәңгі етпейтін күндерді ажал-дана.
Болмаса өлім, қалар-ды қараңғыда
әділетсіз күйінде ғалам мына:
кестесінде тірліктің бір қатарға
отырғызып аңды да, адамды да,
барғызбастан төбе-би – ар алдына.
Өмір – жаға. Өлім – су тұнық, терең.
Қос нүктенің арасы. Жүріп келем.
Жүріп келем айдында. Үміт – кемем.
Ажал барын білемін. Бірақ көзді
жасыл жаға - өмірге тігіп келем!
1983

ҮІІІ
Безінгенмен бәрінен,
өлмей келем әлі мен.
Ал мүмкіндік қанша еді
өлер, таппай жаныма ем…
Сан ұрындың кеселге,
мазақ болдың есерге,
мықты менен ептіге
кетті талай есең де.
Жүрмесең де жығылмай
өмір тартар жылымдай,
ғұмыр бойы жегенмен
наннан шықпайтыныңдай.
Қаншама рет қаймықтың,
қаншама рет жай жұттың.
Бірақ тірлік арбайды
ауруындай байлықтың.
Тіршілік деп тамсанып,
жүгірді адам жан салып.
Ал өмірде өлуге
мүмкіндіктер қаншалық!

IX
Адамды үгіп жатқандай мұң ішінен,
қанша болып-толса да бір ісі кем.
Айқай салып, тыпырлап, арпалысып,
жанталаса бастайды туысымен.
Тыным таппай тырбану – бас ұраны,
әлдеқайда, әйтеуір, асығады.
Жер бетінде болмысын адамзаттың
өзгерте алмай келеді ғасыр әлі.
Уақыт – патша болғанмен жанары өктем,
тіл қатысып жатса да дала көкпен,
жер-тылсымның қопарып құпиясын,
қадірін де көшіріп ала кеткен;
арыстанға аңсатып тарлан күнін,
шарласа да шапқылап жалғанды үнім,
тірек тұғыр – топырақ бола тұрып,
жалаң аяқ жер басу арман бүгін;
ащы, тұщы өмірдің салқын дәмі,
құдірет пен биік ой, даңқың – бәрі
қаракетті күндерді құбылтқанмен –
адам бірақ баяғы қалпында әлі.
Бүгін басқа болғанмен жыры, жемі,
бабасынша күлкісі, түңілері.
Жазбай табар желісін жылқыдайын
адам ажал-қазыққа жүгіреді.
1982

Х
Табиғаттың шексіз-ау ғажабы да:
біле тұра түсерін қаза-құда,
арпалысып адамзат асығумен
әзірлене бастайды ажалына;
тірлік қамын ойлаумен көз жұмады,
бұл – тағдырдың адамға мазағы ма?
Тындырам деп тірліктің сағым-ісін,
оңға-солға шашады жаны, күшін,
шырпы ғұмыр сөнгенше
шаруаның
барлығын да үлгеріп қалу үшін.
Аз тірлікке қаракет – мол еншіні
бере салған адамға жазымышың.
Әділдік пе, азап па мұның мәні –
туу-өлу болса да ұғым нәрі,
мәңгі түннің келерін біліп тұрып,
дүние деп адамзат шырылдады,
алып қашпа күндерге ілесем деп,
жүгіреді тұрса да жығылғалы.
Жайшылық жоқ жататын қыр жадырап,
өкпесіндейді сүрініп, құмға құлап.
Жынды ғасыр сүйрейді домалатып,
қыр арқаңа сұққандай сымды бұрап.
Бір-бірімен жарысып барады адам
жетуге ажал-нүктеге жылдамырақ.
1984

ХІ
Қара бас қамы дегенде,
ағайындар да қырык ру.
Талас пен тартыс ел-елде,
билік пен таққа ұмтылу.
Кім надан болды, кім үлгі —
өткен шақ бізге қараңғы.
Бұзық деп адам бүгінгі
тілдейміз орта-заманды.
Адалдық ұғым солғындап,
тартысқа талай салды ашу.
Үстемдік-сайқал қол бұлғап,
адамдардікі — қандасу.
Әр адам — кұстың сұңқары,
қорғардай елдің намысын.
Кей-кейде сатып құртады
өзінің билік қамы үшін.
Өкпе жоқ бірақ оларға,
билікпен келсе бақ, тұлғаң.
Билігі жоқты коғам да
қажетсіз заттай лақтырған.
Зорлыққа жаны қомағай
жандарға жүрген арды аттап
ажал да тіпті жоламай
жүреді-ау деймін жалбақтап.
1982

ХІІ
Көңілімнің көгін бұлт алып,
жанымнан жылжып мұң тамып,
жатырмын жырақ жерде мен,
ісі жоқ жұрттың – күл, тарық,
қайырлап жүйрік жел кемең,
кеткенде қиял бұлтарып.
Жатырмын.
Жат жер.
Жат мекен.
Солқылдап сорып қақ шекем,
Анамның тілін жан ұқпай.
Ошағым
алтын таққа тең,
жүргенде кеше қамықпай
білмеппін –
жанға тәтті екен.
"Достарым, бауырластарым!" –
талғанша жағым қақсадым.
Бәрі бос, жалған екенін
торланған кезде аспаным
ұғындым –
туған мекенім
жұмағынан артық басқаның.
Куәсі болған кеңдіктің
еске алып елді шер жұттым.
Не әкелер екен келер күн?
Жарқ етіп жанар, сергіп мұң,
жаныма жылу себер кім?
Туған жерде өлу дегеннің
бақыт екенін енді ұқтым.
1984

ХІІІ
Өлім деген немене,
көргендерің бар ма оны?
Ғұмырыңда келе ме
бір-ақ рет бар-жоғы?
Бір-ақ рет? Ендеше
рахат қой мұныңыз:
бірнеше рет келмесе,
қиналмайды құлыңыз!
Келіп-кетіп жүрмей ме
адам сонау мақшардан?
Киері де бір жейде
ала ма әлде аспаннан?
Басқа ма екен шынында
өлімі де әр жердің?
Мен дегенің ғұмырда
бірнеше рет жан бердім:
демеңіздер бұл бос үн –
болмай, рас, менде ерік,
кеткен сайын бір досым,
қалам ылғи жерленіп.
Жаналғыштар төнгенде
көргем талай түр-өңін.
Бірнеше рет өлгенге,
бұйым емес бір өлім!

ХІУ
Ойласаң, өлім - сұмдық тым,
білесің бір күн келерін.
Өзінде осы шындықтың
әділдік жатыр дер едім.
Қайшылығы көп құрлықтың
тысқары жатқан санадан.
Көкесі-ау бірақ сұмдықтың
өлмейтін болса бар адам ?!
Өтпейді-ау онда қараң күн,
сейілмей бойдан шаң- күдік,
не болар күні адамның
өлмейтін болса мәңгілік ?!
Өлмесе өмір шыңына
шыққандар , ойы - қанды ұғым,
шалатын құрбандығына
адамның, Жердің тағдырын;
өлмесе қайттік жүргендер
арды да доптай лақтырып -
болса да куә Күн мен Жер
зауалсыз жүрген шат күліп?
Өртеніп Жер де жалынға
күйдірер кейде жеке дау.
Қара күштердің барында,
ажал да кажет екен-ау!

XY
Бір мерген бар жер шарын аралайтын,
көздегенін құлатар жанары айқын.
Әділеттен бір өзі жаралғандай,
ешкімге де алалап қарамайтын.
Қарамайды келбетке, шырайға да,
жер, әлемді түсіріп бір айнаға,
ажал-мерген келеді кірпік қақпай
жас-кәріге, құс алар құмайға да.
Бірдей оған: жассың ба, ұлысың ба,
шыққан тегің, жерің де, жынысың да
алынбайды есепке, мейлі адамдар
қолын малып отырсын жылы суға.
Кедергі емес даналық, мол ақылың,
дабыл қақпай келеді ол ақырын.
Сенімді үзген жандарға ұқтырады
бір ақиқат түбінде болатынын.
Сескенбейді ол әкімдік құрықтан да,
тәубасыздар тайраңдап мұны ұққан ба.
Сездіреді бір әділ үкім барын
асып-тасып ұятты ұмытқанға.
Жұптаспайтын, ұстайтын жолын дара
бұл жалғанда жалғыз-ақ өлім ғана.
Мерген атын жайса да жер бетіне,
келеді оған бас имей Өмір-дана!
1982



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күй-қаршыға

  • 0
  • 0

Бәйгеге қосып ақын алатайын
сапарда Атырауда ем. Жазатайым
бір топ жан келіп жетті Алматыдан –
шетінен «сен тұра тұр, мен атайын».

Толық

Теңіз аласапыран

  • 0
  • 0

Теңіз аласапыран
тұра қашып, көктегі жасқанды бұлт,
күркірейді жағада тас жаңғырып.
Дауыл құшқан толқындар өршелене

Толық

Елге арнау

  • 0
  • 0

Саясат – сайқал бір әлем,
жайдақ сөз, арбау, бұлтару.
Сүлдерін сүйреп жүр әрең
қорғаушым жалғыз – жыр-қару.

Толық

Қарап көріңіз