Көрген емес жанымды жасқап елім – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Көрген емес жанымды жасқап елім» атты Фариза Оңғарсынова жазған отан туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1450
Көрген емес жанымды жасқап елім,
мүмкін жасқамағаннан асқақ едім.
Дұшпаным жоқ жырымды көре алмаудан
жек көретін жандардан басқа менің.
Ондайларды түртеді үнім шаптан,
(шындық кейде қауіпті ұрыншақтан).
Жауласамын өзім де жандарменен
тілін сатқан, халқының жырын сатқан.
Қызықтырмай өзгенің атақ, әні
жүргенімнен көп уды татам әлі.
Досын сатқан жандардан жиіркенемін,
Отанын да ондайлар сата алады.
Ұқтым мен де көп жанның күй-дастанын:
көргеніңмен жанашыр, сыйлас бәрін
мүддесі үшін өзінің бір жаманға
айырбастар кешегі қимастарын.
Жандар қанша күлкісі де шектеулі,
біледі олар тасадан кесектеуді.
Жанашырлық түгілі, ондайлардың
кіммен сәлемдесуі – есептеулі.
Көрінгенмен бәрі де пәк тұлғалы,
аппақ емес шынында ақтың бәрі.
Бұлт шалғанда басыңды көрінеді
адамдардың адалы, сатқындары.
1982


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері