Біздің мынау даланы-ай!
Бұл бетте «Біздің мынау даланы-ай!» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Біздің мынау даланы-ай!
Өзен, өріс жағалай,
талдары да – қарағай;
бала біткен ақылды
көпті көрген ағадай,
ауылы да қаладай,
қыздарының жамалы – Ай,
Ақынының бәрі – Абай.
Өрлері де қыраттай,
көлдері де сынаптай,
шыңдары да шаншылып,
өзеніне құлапты Ай.
Селеуі де құрақтай,
құлындары құр аттай,
таба нандай Күні де
күйдіреді шыдатпай.
Естіледі алыста ән,
құсы Күнмен табысқан,
адамдары елгезек
жылдарменен жарысқан;
заводтардың түтіні
ғарыштан да әрі ұшқан;
қалалары ғажайып,
хабар алған ғарыштан.
Жайлаулары жайқалған,
біздің дала – Бақстан!
1985
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі