Менің туған ауылым ажарланып – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Менің туған ауылым ажарланып» атты Фариза Оңғарсынова жазған туған жер туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1666
Менің туған ауылым ажарланып,
көше түзу, басады адам да нық.
Жетілік пен ондық шам күлде жатыр,
самсап қаладағыдай жанар жарық.
Күндей биік әркімде жан талғамы,
жұмыс қауырт істелер әр таңдағы.
Белдеулерде бестілер байланбайды,
үй алдында машина қаңтарғаны.
Адамдары төкпейді мұңды, ызаны,
даладай кең, аспандай нұрлы жаны.
Боз ботаның үні емес, төсегінен
«Сөйлеп тұрған Москва!» тұрғызады.
Жер шарымен хабардар ауыл мына,
алаңдатар саясат шалыңды да:
Алматыда, Берлинде жағдай қалай,
аспандары ашық па, жауынды ма.
Бақ қарайды ауылдың бар жағынан,
көлеңкелеп басымды талға бұғам.
Біз қарақат іздеуші ек қырды кезіп,
бұлар жүзім үзеді шарбағынан.
Ауыл десе жайлайды жанымды үміт,
сонда ғана атардай таңым күліп.
Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат
мені мәңгі тартатын сағындырып!
1985


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері