Кей ісің ойға салар мұң – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Кей ісің ойға салар мұң» атты Фариза Оңғарсынова жазған мұң туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1067
Кей ісің ойға салар мұң,
өткенді шолсаң сағына.
Жақсылық жасау – адамның
нәр берер кейін жанына.
Мейірім етсең, тас жібіп,
жетімге түнде таң атар,
кезінде етпеген жақсылық
қылмыспен кейде пара-пар.
Қолыңнан келіп тұрғанда,
қасаңдығыңмен қарысып,
жақсылық етпей бір жанға
отырған болсаң жабысып,
кейіннен сені шымшылап,
тарылтар тыныс-деміңді,
төбет боп талап мың сұрақ,
береді сазай-еміңді.
Өтеді жылдар жасты үгіп,
бойда да қолда күш қалмай.
Жасалмай қалған жақсылық
ішіңді жейді тышқандай.
Түңілген жанға үміт – ем,
тұтата алмасаң – нашарлық.
Қайткенде сені жібітем,
адамдардағы қасаңдық?
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері