Айналғандай дүние тас тұғырға
Бұл бетте «Айналғандай дүние тас тұғырға» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Айналғандай дүние тас тұғырға,
таса қалып бас мұрат, басты мұра,
көлбең көлеңкесіне айналғанда
адамдар да,-
елемей сынның бәрін,
талқандайтын теңсіздік шынжырларын
қажет болды бір дауыл бұл ғаламға.
Неше заман ұялап мұң жанарға,
жүректерді ыза-кек тырнағанда,
тақсырларға тағдыры тәуелді боп,
күн өткерген бірегей тұлғалар да,
жалаң төспен бет алып сын-қамалға,
ерлер сонда бастаған бір дабылды.
Күрескерлер – тарихта тұлға нұрлы,
айырбастап алапат сынға мұңды,
тұңғиықтың түбінен жарық аңсап,
бас көтерген алғашқы ұлдар – үлгі –
аршыр болсаң тастардан құндығыңды,
құрбандыққа ғұмырды,
санаңды арна!
Жерде майдан- тіршілік, заман барда,
жету үшін жұмақтай таң-арманға,
тау-талаптар тайпалып, тоқым тозып,
төгілер жас, тамшылап тамар қан да –
Исатайлар секілді құрбан болмай,
ешбір жеңіс келмейді адамдарға!
1982
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі