Уақыт ұшып барады
Бұл бетте «Уақыт ұшып барады» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Уақыт ұшып барады
жапырақтай күздегі күні жеткен.
сырғанайды сұлудың нұры беттен.
Сонда да асықтырасың, өмір, алға –
баянсыз ең не деген, құдыретті ең!
Адам алға қарайды,
ұмтылады ертеңге жаны қалмай,
әлі талай ғұмырдың жазы бардай.
Түк бітірмей жүргендей сезінемін,
жақұт жырлар енді-енді жазылардай.
Келем ұшып мен де алға,
сүріндіріп, құлатып арна, жыра,
сосын байқап қараймын жан-жағыма.
Жараланғыш жанымды тосам тағы
тіршіліктің оғына, шаңдарына.
Жарақат көп жанымда:
жалғыздық та қинайды, қинайды өлең,
мен ешкімнің көгіне сыймай келем.
Тұншықтырған жасымды үнсіз жұтып,
жұдырықтай жүрекке жинай берем.
Жинай берем
жанар таудай түбі бір жану үшін
(жалындауда – менің бар бақ-ырысым):
жас пен жалын жатпайды мәңгі бұғып –
естисіңдер дүмпу мен жарылысын!
1984
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі