Шуағын төгіп күн шығып – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Шуағын төгіп күн шығып» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2056
Шуағын төгіп күн шығып,
қанатын жайды гүл шыбық.
Келеді көктеп даланың
құрсағын жарған тіршілік.
Үрпіне Жердің сүт толып,
жүзіне мөлдір шық қонып,
тереңнен алған тынысы
қалқиды мақта бұлт болып.
Еркелеп, сүйіп аймалай
құшады қырды, сайды арай.
Жыңғылды сайдың баурайы
жап-жасыл жұмсақ жаймадай.
Тұрмайсың бей-жай, таң қалмай
тірлік жоқ жатқан жанданбай,
керемет сезім, кең құшақ
адамнан Жерге ауғандай.
Тіл бітіп тілсіз құмға да,
бусанып, бүрлеп тұр дала.
Бошалап кеткен боз інген
боталап жатыр жылғада.
1977


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері