Құлазып жатыр құм дала – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Құлазып жатыр құм дала» атты Фариза Оңғарсынова жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1362
Құлазып жатыр құм дала,
құба жондардан көш өтпей.
Жусаны солған жылға да
қызуы кеткен төсектей.
Қаздар да қайтты шет жерге
көлдерге қонбай жазы ұшқан.
Қош-қошын айтып бөктерге
қанатын бұлғап алыстан.
Төсінде гүл де жоқ бүгін
даланы басқан қыш қайғы.
Өткізген барлық от күнін
баласыз әйелге ұқсайды.
Гүріл жоқ, үн жоқ, даланың
асфальты да жоқ шарлаған.
Шолады көкті жанарың
тыныштық-ау деп бар ғалам.
Талықсып кенет тарады үн
маужырап тұрған шақты үзіп,
көгілдір көктің ажарын
тілгілеп өтті ақ сызық...
1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері