Үлкендерге таңданам – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Үлкендерге таңданам» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2054
Біздің көрші Нағима апай
және көрші Ағила апай
ұрсысты кеп шапылдасып,
біз де жеттік жапырласып.
Ойынды тез тастадық та,
тұрдық біраз жасқанып та.
Түрлі сөздер айтып жатыр,
қарар емес басқа жұртқа.
Дауыстардан ел көшкендей,
ешкімге де жүр дес бермей.
Бір-біріне ұмтылады
палуандар белдескендей.
Жиналып ап шулы алаңға,
біз әзірміз "уралауға".
Біткенше ұрыс тұрар едік,
атам келіп қумағанда.
Үлкендерге қарағанда
таңданамын.
Олар онда:
"Дос болыңдар, қағыспа",— деп
неге айтады балаларға?!
1985


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері