Жас жұбайларға бата
Бұл бетте «Жас жұбайларға бата» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Сезімнің пәктігін берсін,
көңілдің ақтығын берсін,
жылулы от бастарыңа
сәбидің шатты үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
есіктерің жабылмасын,
шаршап-шалдыққандар
төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кесектен сақтасын,
күңкіл өсектен сақтасын,
дау-жанжалдан сақтасын,
достан қөңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып-тасқаннан сақтасын,
алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын,
өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың
аруағы өздеріңе жар болсын!
1990
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі