Сонеттер
* * *
Мен үшін киелі едің дала неткен,
Оба да түзде соқпай жанап өткен.
Құрсақтан құм үстіне түскен екем
Қазанда қызыл шақа жалаң етпен.
Қаңсырап қар үстінe құласам да,
Қалдырдың жау оғынан жаралы еткен.
Ел барсам, даладағы жаңалықпен
Қайтушы ем қайраттылау жаралып мен.
Қаладан жырақ кетіп жылаушы едім
Бейкүнә жармасса да жала біткен.
Осынша мені желеп-жебегендей
Мен ceнің жыртығыңа жамалып па ем?!
Түз Ана! Жалбарынбай аруаққа
Қондырған ерді қашан ару атқа?!
* * *
Қай жырау қалжырамай сөз түгескен,
Бұл жұртта сөз өркені сөйтіп өскен.
Тіл бұзсам тілге тікен қадалсын деп
Бабаның баласына cepтi көшкен.
Айтқышым, сөз алмайсың лепіргенде
Несие не құдайдан, не пірден де.
Тоса біл тосаңсытпай құлағыңды
Астарлап Абай саған зекіргенде.
Біз сөйттік жазатайым сүрінгенде,
Сол тұстан ішке түйген сырың кем бе?
Кем шықсаң, кеселдей-ақ кешегі бір
Түрткіден түci қашқан сұрыңды емде.
Мәуесін үciк шалған бақтағыдай
Сауатсыз самыржақтан сақта, құдай!
* * *
Келін дәурен кеткесін бәйбіше күн
Ажыратпақ шаттық пен қайғы шегін.
Өздігінен албырт шақ айтпайды ғой
Қандай сыншы аузында қай кici едің.
Ақ жалындай, дариға-ай, асыл ыстық
Көнбесе ғой ырқына асығыстық.
Жас аруға өйтпесе болмас па eдi
Аяғы жаз көктемнің басы қыстық?!.
Қашса қоймай, еліктей ентікipiп,
Біз ғой соны сүйетін елтіп тұрып.
Жазық жоқтай бізде де тұрмаған соң
Сұлулыққа сұқтанбай ел тұп-тұнық.
Адалдыққа зәрулік зарықтырмай,
Көзсіз түнек түбінде жарық тұрғай!
* * *
Сүйерің бар, сүймесің бар жалғанда,
Онсыз дүние ceнi екіге жарған ба, —
Біле білсең, бұл өмірде, қалқам-ау,
Бip өзің ғой жанбаған да, жанған да.
Жазғырмашы адасқанды бip беткей, —
Тағдыры — қамшы салдырмайтын жүрдектей.
Ол да бәлкім баққа бағыт ұстанып,
Шырақ тұтар бұл фәниден құр кетпей.
Әйел ғой ол, әлжуаз ғой сенен де,
Ортақ сауал — сендім бе, әлде сенем бе?..
Бұл диуани һәм жеруаны тірлікте
Демейді ешкім ceмipeм де, семем де.
Обал болар сорлымен түгендеспек
Бip байланған бағыннан түк өнбес деп.
Қыз Баян көркі сұлу, көзі батыр,
Азалы жүрегінде Қозы жатыр.
Қойсын-ақ қыннан пышақ қыз суырмай.
Сөйтсін-ақ... Сәл сабыр ет... Сөз ұға тұр.
Сөз қайсы бұл фәниде ол ұғатын,
Мұнда жоқ жарты жаны жолығатын, —
Қайтсін ол шын ғашығы күтіп тұрса,
Мақшарда жолға түзеп жорық атын?!
...Десек те ондай қыз жоқ бүгін бізде,
Жас бейбақ, сен де өлшеулі жүгіңді ізде.
Құсадан құдай салған құтылам деп,
Жіңішке жаратылған жібіңді үзбе...
Бәрібір — кәpi қайсың, жасың қайсың,
Басыннан өзің қарғып аса алмайсың...
* * *
Аңғалмын, ер болған соң еңіреумін.
Білгім де келмесе мен меңіреумін.
Ұқпаймын ұрыншақты ол түскенше
Жолына мені мүжіп, мені жеудің.
Жаласы жанға батып көкіменің,
Қарымтам қатты тисе өкінемін.
Қорқамын көзжасынан әйелінің,
Нанбасаң еңбегімді оқы менің.
Әзелден әйел затын тербетемін,
Жоқ, менің соған төккен терге теңім.
Сотқарды зайыбына табалатпай,
Шыққам жоқ сақал сатып төрге тегін.
Кез болса кecipiнe махаббатың,
Кешірмес фәни түгіл лахатта түн.
* * *
Жазда сыйлап ақ, қызыл, жасылын бақ,
Сонда ойнап ең досыңмен жасырынбақ.
Шағы eді сол шала ұйқы махаббаттың,
Көңілдегі көзінің жасы құрғақ.
Енді сен — сол жасырын кездің құлы,
Удан бетер қайғының өз дымқылы.
Ұшып жатыр ұрланып орамалдан
Жесір жанын жегенде бозғыл түні.
Қайтсін енді жалғыз тек Жамал қалса,
Тасқа айналса махаббат амал қанша?!
Құса-шерге қуыс тар көкіректе,
Ұш дейсің бе қапаста қамалғанша?..
Тұншықтырып, түндегі түрілмеген
Қай қасіреттен қайрат-күш тірілмеген?!
* * *
Сен қартайдың, сенің атаң, анаң да
Жоқ дегенге осы ел барда нанам ба?..
Оған нансам, бесік жыры — бекер сөз,
Біздікі емес біз жеп жүрген нан онда...
Отан Ана — Атамекен .үшін деп,
Өлуді де бip парыз деп түсінбек.
Еш перзентті жоғалтпаған... Өзің де
Өле алмайсың тipi тілдi тiciң жеп.
Ticің түсер... Ал тілің ше?.. Өлсең де
Осы өмірде қалу үшiн ол сенде.
Тілсіз деген махаббат та түлектей
Tүбi сайрап бағынған сол өлшемге.
Мен жоқпын деп кеткеніндей шалдардың
Әлі-ақ жұртты мен де өзімше алдармын.
* * *
Орнын бөлек, жаным сүйген жар қасы, —
Жар қасында мен де мезгіл марқасы.
Жабырқаудан жалықсам да сол шығар
Арымайтын махаббатың арқасы.
Кірпігімнен кірбің көрсе, үрейді!
Періште мен өзіне жар үлейді
Соны сезген жүрегімде — жүгініс,
Тәубе, тағзым үстемелеп үдейді.
Ықпай сосын ызғырықтың өтінен,
Жарық күнге өкпем үшін өкінем, —
Үнемделмей жұмсалған ұрт мінезден
Бip емес-ау, екшеп алам екі үнем.
Аяулы жар, жан емессің сен тегін,
Тепсінбей-ақ тезге салған тентегін!..
* * *
Сан бұғазда қалды-ау кейін сан айлақ,
Сағынам да сарғаямын соны ойлап.
Кемем төсін кемipce де тұз толқын,
Дей алмаймын соған жалғыз сор айғақ.
Айлақ сайын біз аттансақ жел тынып,
Жерден шаршы орамалдар желпініп,
Алақандар самсап биік самғады-ау!..
Бізге солар қызмет қылған жең түріп.
Бәйбішеммен екеумізді егіздей
Еркелеткен, біз де есейдік дегізбей,
Қай мейірбан қанша алыста қалса да,
Жүректе жүр бізден қолын тегі үзбей.
Қартайғанда қарауытқан ымырт шақ,
Тоздырсаң да топқа қоспа ұмытшақ!..
* * *
Ел бикeci, жаны жұмбақ бip сен деп,
Ел басқарған қыз құпиясын білсем деп,
Оның іште жатқан шepiн ояттың,
Ояттың да, ыққа қаштың бүрсеңдеп.
Қыздың жаны — қарлы боран үскірік,
Көкірегіне мұзбалақ бip құс кipiп
Кеткендей-ақ шаңқылдайды-ау лебізден!
Сен міш болдың түк айта алмай мыс құрып.
Жат тақсырдан жаны қорқақ мырзалар,
Ынжықсыңдар!.. Ынжықты кім ырзалар?!
...Бұл айтқаны — жоғары жақтан көргені,
Жоғарыда бәлкім шықты бip зарар...
Намысты әйел —
параметр —
өлшемің,
Бап сыйлаған бабаңа да ол сенің!!!
* * *
Аппақ, Айша, Тоқал-ене, Ұлпандар, —
Олар көп қой... Оларсыз кім сұлтандар?!
Әз марқұмдар әр толқыны деп кеткен
«Байқа, қызым, ол таң бар да, бұл таң бар».
Баршасына ортақ бipaқ таңғы шық,
Оны сен де шөптен шөлге тамғыш ұқ, —
Көгермеске көз жасы да көп шығын,
Талай тарпаң талықсыған тал құшып...
Еркек көзі — көрмейтінді көргішім,
Тумай қалмас жұтаң жұрттан қор кісің,
Титықтамай тынса жарар ақыры
Coғaн созар жүрек күшің, қол күшің.
Аңыздарда көп десек те алып қыз,
Жоны қашқан ақиқатта арықпыз.
* * *
Түгескен соң әбден ішіп-жеп сырын,
Жаның жеріп, ол деп түйдің жексұрын.
Татсам-ау деп құмартқаның сондағы
Ол жігіттің болмысында жоқ шырын.
Ұят қой деп жаға жырта алыспақ,
Кеттің одан ебін тауып алыстап.
Өзің айтшы, өміріңде көрдің бе
Бір қазақты иттен безген мал ұстап?..
Оны жұртқа ит деп, өзің бәлсіндің,
Сонда ұялып, сырт айналды бар сіңлің,
Сонда оны иті қапқан іргеден
Бір өзіңнен басқа сенің малшың кім?..
Жасасаң да іштей тіпті хаттама,
Азаматты ауызға алсаң даттама!!!
* * *
Қызған қиял тәуекелге жетектеп,
Созған қолым сол жігітке жетед деп,
Ұшып-қонбай, арманыңа қызға тән
Тәкаппарлық, арқасында жет ептеп.
Замандардан заман асқан бұл кеңес
Қалай ғана жалғыз саған үлгі емес?..
Нан ұстап айт, жеке батыр (мын) десен,
Опа бермес отқа тыққан күлкөмеш.
Бір сен емес, теңсіп еркек бүркітпен
Ғайып ерен, қырық, шілтенді үркіткен.
Талай бикеш таңдап тием дегенсіп,
Дегустатор iciн істеп жүр тіптен.
Ерден бетер алшақ аттап ісінбей,
Заман зарын, тұлымшағым, түсінгей!..
* * *
Тұлымшағым, құлыншағым, құлдығым,
Патша дәурен парқын үстем қыл бүгін, —
Аңыздарда бізге дейін бір басын
Ауыр сынға айдап салған қызды ұғын.
Жақсы қыз боп сен де ішіңе жасырын,
Жақсы жігіт саған айтсын жан сырын.
Tәңip тәнті қылған зипа сымбатың
Ақылыңа iciн қылсын жалшының.
Бас исе де шын махаббат сұлтаны,
Соны өзіңе хақ теліген сын таны, —
Жалғыз қадам жаңылсаң да, жақ жаппас
Бұлаң құйрық бұл фәнидің сырт «әні».
Анаң таппай, өзің шаршап табатын,
Некелесер Ер — екінші жәннатың.
* * *
Басқада бар, бізде жоқтай марғасқа,
Жаның неге жабырқау деп жармаспа,
Мәртті — нәмәрт, сұңғыланы сұм сабап,
Бұл заманда запы қылған зар басқа.
Данышпанға ақы алғызбай айлықтан,
Орға жықса, одан жүрек шайлыққан, —
Асыл жандар абақтыда арман деп
Жар демдейтін жалғыз ұрттам шайды ұққан.
Жас адамнан, жалаң қабат желіккен,
Тәубені мен естімеймін неліктен?!
...Махаббаттың мақамдарын сөйлетсем,
Мен күштірек елегзимін еліктен.
«Шүкірлікке тоймаса да жұтаған»
Баяғыда-ақ бас изескен жұрт оған...
* * *
Бұл дүниеде нағыз шын жігіт деген
Кімнің тоңын іштегi жібітпеген?!
Оны ойласам он есе аласарып,
Иттігімді ішінен жығып тебем!..
Асыл жанның ceнiмi сестен бетер,
Базынасы да еместей естен кетер.
Соны ұғынсаң таудағы тамыздайсың
Аптабынан аққан мұз кеш селдетер...
Сондай жігіт көп болса көксер ме едім,
Құлағыма жақпайды көп сендегі үн.
Кемсең қағып тұрса да кеудем менің,
Келмей отыр көзден жас төксем дегім.
Алла сыйын дей алмай азырқандым,
Баз баяғы қалпымда әзip қалдым.
* * *
Беу даналық!..
Ешкімді кемсінбейсің,
Жұрттың бәpi кеңпейіл келсін дейсің.
Білем, демің сарқылған сағатта да
Жерге жазғы жаңбырдан кем сіңбейсің.
Жұтаң жердің ойы мен өpiнe шың
Жұпар шашып, қайтадан көрінесің.
Соны ұқпаса, ынсапсыз ылай тұрғай,
Мөлдір мөлтек көңілдің көліне сын...
Беу, даналық!..
Десек те халықтасың,
Көп қауышпай, көксеткен қалыптасын.
Аз деп сені, аңыз деп жан ұқса да,
Соны солай әулеттің қаны ұқпасын!..
Уа, тәңірім, аулақ қыл да әрекетін,
Ізгіліктің бер шөкім берекетін!
* * *
Асау жұмбақ — адамның ағыны ішкі,
Біздер құлмыз бір соған бағынышты, —
Бірін жұтып, бірін шашаласың
Шашып-төксе бастағы бақ ырысты.
Іштегінің бірінің бірі күшті, —
Өле-өлгенше бітпейсің біліп ішті.
Жақпай қалсаң, жаныңның түкпірінен
Жалпақ табан жалғанның пілі ығысты.
Ұстатпайды ұлылық қағып-қашып,
Барлаушыдай аяқты бағып басып...
Періштең ше?.. Ол айтса:
— Жетер енді,
Сәби бол да, бастапқы бағытқа шық!.
...Құл сақтаған құпия тастан берік!
Жазылмаған ол да бір дастан делік...
* * *
Iңip iштe қамаса таңға дейін,
Таң босатқан тағылық аңға бейім.
Сұлулықтың бетіне түн түкірсе,
Аунатады күйік күн шаңға кейін.
Қылмыс eгiз рабайсыз қызғанышпен,
Одан у пәк, ұлдан не қыздан ішкен.
Heciнe сен махаббат малайысың
Оңай жесе өсектің ызғары іштен?!
Өсек?.. Зәуде үлесін о да алатын,
Өсек — тікен, жүрекке қадалатын.
Жоқ, ол — көрқап, қаласа марқұмдардың
Қабірін де қайтадан қаза алатын.
Күңірене шыққанды, күліп кipiп,
Білмеген де жаман-ақ біліп тұрып...
* * *
Салдақы сатқын шықса қосағынан,
Жарылып көк кептердей құс ағынан,
Ағызса көзін шоқып, дегені сол
«Кеудеме сен сыйлаған құса — күнәң!..»
Ездер ғой барлығын да кешіретін
Бөтеннің «құт бұйырса» құшағынан.
Іш — шикі, сырты — күйік күлшедейін
Hәpciзгe нәпсі шайтан күлсе кейін,
Дей алмас иықтағы періштең де
Өсектің құлағына құм себейін.
«Қол сынса — жең iшіндe» десең, сол бip
«Жомарттық» сенше демей кімше дейін?..
Қораз айтқан деседі «Не киең де
Менде емес, мекиенде!.. Мекиенде!..»
* * *
Түнекте түк бітірмей құр сыныққан,
Қайғы деп қараңғыны құрсын ұққан.
Сәулесіз сол адам да дәмелі ме
Ақы адал құдайына құлшылықтан?..
Мен оған қалай айтам төзіңіз деп
Таппаса бip жылт етер өзін іздеп?..
Нансаңыз, сол ызалы сордың қолы
Анттың да тәңір алдында сөзін үзбек.
Рас, кейде жарқанат та соқтығады,
Ішiнe ол да өтірік шоқ тығады.
Бірақ соны да тап мұнша дей алмассың
Махаббаттың заңында жоқты ұғады.
Махаббат-ай, бар-жоғы бір ғаламда
Бізге сыйың — бітпейтін шырғалаң ба?..
* * *
Бір іс бітce, бір icкe асығасың
Бойда қайрат бұрқанып тасығасын.
Бәpiбip сол татымай талабыңа,
Кең өлшемнен өзіңше тар шығасың.
Не қиямет араға жыл саласың,
Жұрт қамына сарқыла жұмсаласың,
Өрт шарпи ма —
жігердің содан өшін
Жанған жүрек тоқтамай жүрсе аласың.
Ақыры сол бейнеттен босағанда
Тағзым етпек өзге, өз босағаң да.
Кейінгі де деп қарар суретіңе:
«Отқа түскен мен үшін осы ағам ба?..
Адам шіркін бейнеттен азбағанда,
Күнә, досым, көпсінбек азды оған да
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі