Туған топыраққа келгенде
Туған топырақ!
Бісең ғой, кіндік қаным,
Тал бесігім ием деп кімді ұққанын, —
Tәңірім өзi кешipep, ол — сен едің,
Мұқалмаған мұңы ащы құлдықта мың.
Тапталғанын табанда — шыныққаның,
Азық етпеген дұшпанның шыбық қанын,
Құм құптаған залымның моласы жоқ,
Әулиең — көп!.. Сол сенің шын ұтқаның.
Өмipi баста өксіп бip жыласын да,
Шынықсын деп туыпсың, — расында.
Шынықтым мен, сол үшін өмір бойы
Жүрегімнің жартысы жүр осында.
Құмда Тұз-Көл, сораңмен әдіптелген,
Тоналса да жоқ шығар әлі үптелген,
Соған піскен біздің көз жасымай-ақ
Әліппеден осында әpiп терген.
Әріптер жыр оқытса парақтардан,
Оқ болып та атылса жарақтардан,
Өзің берген өнегең емес пе сол
Iciнeн — күш, ішінен зар ақтарған.
Сыртта жүрсем, — кеудемнің тар ұясын
Кер жазықтай кеңейткен ар-ұятың.
Мен туғанда Ар тілеп таң атқанша
Қалжа жескен қаһарман қария түн .
Елге келсем сыбағам — ән-би дедім,
Әр түтінді менікі әлгі үй дедім.
Өтпей қайтем, — не шафхат шаранаңды
Әл-қуатым жеткенше әлдиледім.
Сая көрме бұл сөзді мақтандыға,
Бұл — өзіңе бармақтай бақтан дұға.
Туған топырақ, бағыңа бағышталсын
Маған өзің дарытқан бақтан дұға!
Иа, мен бақыттымын!.. Әмин!
* * *
Әй, қарағым, сұстанба менен туып,
Жүрек те — дене, неге сол денең суық?..
Жаурасам да бола алмас жел жағыма
Әкесіне кемеңгер кененсу — ық.
Meнi — көне құжыра деп санайсың да,
Отырасың ғой, сен — алтын сарайсың ба?..
Даңғазасы көбірек жалған дарқан —
Өмірім болса қайтесің, сабайсың ба?..
Үлкеюге келтірмей мұршасын да,
Жас адамның тағдыры тұрса сында —
Қолдан жасап аштықты, жұртты қырмақ,
Өмірім болса қайтесің, ұрсасың ба?..
Табынып та сәт сайын «ұлы eciмгe»,
Ала алмаса заңынан үлесін де,
Байығанның бақытын тонап қорғау —
Өмірім болса қайтесің, күлесің бе?..
Жүрген шығар елі де жұрт есінде,
Yш шақырмақ тергеуші бір кешінде.
Әке тұрғай.әжесін ұстап бермек —
Өмірім болса қайтесің, үркесің бе?..
Білсең айтшы, қашпай да сынағаннан,
Кім құдайдан өз сорын сұрап алған?..
Keшігіп кеп сен қалай айырмақсың
Өзімде бар, сенде жоқ сыбағамнан?..
Сабап, ұрсып, күлмей де, үрікпей де,
Байғұс-ай деп мүсіркей жүріп кейде,
Ecті кici дегенің тым болмаса
Іштегісін ізетпен ipiктей ме?..
Пау, шіркін-ай, жігіттен сағың сынбай,
Көрмей қалса, көкірегің сағынса ыңғай.
Ортақ үміт, күдікте күйіп-піспей,
Екі арада тартылса сабыр сымдай!..
Ортақ қымыз сабада, месте пicce,
Өкпелескен бармаса еш кетіске.
Сөзді ұқпайтын әулекі сөккенде де
Абай көрген жалғыздық еске түссе!..
Интеллект орнықты ойға сүйреп,
Наздың өзін дарытса бойға сирек!
Тарынбасаң, ағайын ала жатар
Емін-еркін екеуміз тойғасын деп.
Екеу сонда үшеу боп үлгерсеңдер,
Адал антқа үшеулеп үн берсеңдер,
Демес пе жұрт ежелгі елдің дерті —
Бейдауаның бір емін білген — сендер!
Алауыздық ағайын басын жұтқан,
Ағайынға ауыр сол бар сұмдықтан.
Бұған неге қарамақ бұғып бекзат
Көрмегендей көз соқыр басырлықтан?..
Бір бап қажет Ата заң денесіне,
Дегем, тағы ылаж жоқ демесіме,
Бар бітімі бір уыс егеуқұйрық —
Нұқсан деген Нұқтың да кемесіне...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі