Өлең, жыр, ақындар

Атбегі

  • 30.03.2022
  • 0
  • 0
  • 859
Қастерлейді қазағым — сүйеді ұлтым
Ноқтасына қашанда ие жұртым.
Мінсең – көлік, жесең – азық, ішсең – сусын,
Төрт түліктің ішінде түйе – жылқым.
Кеудемнен ақтарайын сырды кенет,
Мал-жанды баптағанда ғұрпым ерек.
Төрт түліктің әрдайым өз орны бар,
Түйенің орны биік, жылқы бөлек.
Мал-жансыз дүниеде жалған артық,
Атына ер-тоқымды салған артып.
Мал-жан-ау аман ба деп сұрар халқым,
Жанынан малдың басын алға тартып.
Гүлді өлке, жусан исі – жер жәннаты.
Шіркін, жылқы – серігі, ер қанаты.
Тұлпарым, арғымағым, Құлагер деп
Қазақтың өзі сүйіп берген аты.
Қазақтың қанаты ұшқыр қиялымен
Өз даласын сақтаған зиялы кең.
Білектің күшіменен, найзаның ұшыменен
Тұлпарлардың дүбірлі тұяғымен.
Бірге жасар қазақтың ұлтыменен
Төрт түліктің төресі — жылқы деген.
Бауырына тартатын жерді жылдам,
Тұлпарлардай жүйрік-ау шіркін, өлең.
Мінген бір тұлпар – шабыт, ат-көлігім.
Шығатын бәйгеде озып қақ төрінің.
Мен де осы сәйгүлігім жырды баптап
Өлеңде өмір сүрген атбегімін!
От жанып жатыр менің ошағымда,
Шоқтай маздап жүрегім босадың ба?
Жырлаймын дүниені ақын болып
Жалынын өлеңіме қосамын да.
Қалтырап тоңған суық реңінде
Жандырдың оты жетпес бұл өмірге
От жанып жатыр, менің үйім жылып
От жанып жатыр содан жүрегімде.
Бұл оттың басылатын кезі жоқтай
Атылар ұшқындары сезім оқтай.
От жанып жатыр, менің отым маздап
Басылар қызыл шоғы көзіме оттай.
Батады-ау қызыл шоқтай күн қызарып,
Түнімнен бір жарқ етіп жұлдыз ағып.
Толықсып, туа біткен ай толғатып
Көгімнен шоқ-шоқ жұлдыз тұрды жанып.
От жанып жатыр менің отбасымда,
Жүрегім жалын атпай тоқтасын ба?
Жылытатын жанымды өз отым бар
Жылытатын жанымды шоқ қасымда.
Отбасы, жанұям ғой тірегім де
Жалыны жалғасатын ұлы өмірге.
Өмірде бір лап етіп өртенетін,
От жанып жатыр менің жүрегімде!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Болғаным үшін мен – Қазақ...

  • 0
  • 0

Өмірге мені жаратқан,
Айналдым осы Қазақтан!
Ұтылмаған бірақ та,
Құтылмаған азаптан!

Толық

Дүниені оятып таңым атты

  • 0
  • 0

Дүниені оятып таңым атты,
Аспан тұр аман-есен әруақты.
Ата-баба рухындай мәңгі өлмейтін,
Сәулелер жүр аралап шаңырақты.

Толық

Түнгі он екі соққанын көріп біліп

  • 0
  • 0

Түнгі он екі соққанын көріп біліп,
Кеудемді билеп алды көрікті үміт,
Өмір, саған арнаған өлең жаздым,
Бүгін мен Ертеңімді жолықтырып!

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер