Сыңсып қайың тіл қатпаған – Шөмішбай Сариев

Бұл бетте «Сыңсып қайың тіл қатпаған» атты Шөмішбай Сариев жазған тіл туралы өлең берілген.

  • 01.04.2022
  • 0
  • 0
  • 1456
Сыңсып қайың тіл қатпаған
Шақта кешкі, күн батпаған.
Бақта бір қыз жылап отыр,
Неге екені жұмбақ маған.
Біле алмадым: намысты ма,
Көзден ыстық бақ ұшты ма?
Оралмайтын қайран бақыт
Осы бақта табысты ма?
Сенемін деп алданды ма?
Алдандым деп арланды ма?
Жапа-жалғыз жылайды өксіп,
Қайран жүрек арманды ма?
Жылап дерттен айықты ма?
Ұқсайды өзі байыптыға.
Кінәлі ме біреу оған,
Бәлкім, өзі айыпты ма?
Сыңсып қайың тіл қатпаған
Шақта кешкі, күң батпаған,
Бақта бір қыз жылап отыр,
Неге екені жұмбақ маған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері