Өлең, жыр, ақындар

Ұлылық

  • 01.04.2022
  • 0
  • 0
  • 776
(Поэма-диалог)
Асқар Сүлейменовке

1. АҚЫН МЕН ТАУ
Мұхит – түпсіз кемеңгер, дала — шексіз
даналык,
Тау алыбым тұрады ұлылықтан жаралып.
Үшеуі де еңселі,
Үшеуі де сүйікті.
Ұлылықтың өлшемі —
Тереңдік!
Кеңдік!
Биіктік!
Жетем деп арман шыңына күйреген, талай
қаусаған
Адамзаттың атынан сауал айтам тау саған:
Құдайындай табынып,
Бас иесің сен кімге?
Әлде өмірге о баста
Тізе бүкпей ендің бе,
Уа, биік ұлылық?!
– Қара қылды қақ жарып, сөз сөйлесем
ағынан,
Мені тау ғып жаратқан жұмыр жерге
табынам.
Ақ бас шыңым алдында,
Сонау бастан иілген.
Тау боп келем әлі де
Тізе бүккен күйіммен.

2. АҚЫН МЕН МҰХИТ
– Шыңдарың заңғар таулардай, өмірде
болса кім биік?
Соншалық мұхит терең де, соншалық мұхит
тұңғиық.
Арманы мұхит болу ғой
Теңіздей, дария, көлдің де...
Бұл өмірде пір тұтып
Табынасың сен кімге,
Уа, терең, ұлылық!
– Ерендіктен бусанып, тереңдіктен тасимын,
Ұлы жерге тұңғиық махаббатыммен бас идім,
Ол өйткені нәр берген,
Топырағымен өмірге
Ұлағатты жұмыр жер
Табынарым менің де!

3. АҚЫН МЕН ДАЛА
– Дала дарқан даналық, ойлы шексіз құла
дүз,
Топырағыңнан жаралып гүл боп өстік мына
біз.
Өзіңе де байтағым,
Сауал қоям мен бүгін:
Табынасың сен кімге,
Ұлы далам, кеңдігім?
– Күннен емес өмірге, Жерден тарар
жылылық,
Жылылық – бұл тіршілік, жылылық – бұл
ұлылық.
Орманы бар, бауы бар,
Тіршілік оты сөнбеген,
Мұхиты бар, тауы бар
Табынамын Жерге мен!

4. АҚЫН МЕН ЖЕР
Ақын:
– Таулар, Мұхит, Дала да, тек өзіңе бас
ұрған.
Жаралдың ба Жер – ана тұмса, тылсым
ғасырдан?
Өмір берген, гүл берген,
Шуақ берген, күн берген,
Бұл дүниені Жер — ана,
Сенен бұрын кім көрген?
Жолдарым жатыр жосылып,
жұмыр жер сенің үстінде,
Іңгалап еніп өмірге, иығыңнан бір сәт
түстім бе?
Ғасырлар, жылдар қаншама ай,
Жаныңның жайын аңсамай,
Көтеріп әлі келесің,
Перзентіңді шаршамай...
Перзентің болып барымды,
Өзіңнен аяп іркісем,
Бетіме қонған шаңыңды жиркене бір сәт
сілкісем,
Топырағыңды талғамай
жүргенімде шапқылап,
табаныммен аңдамай
бассам егер қаттырақ,
Кешір сонда, Жер — анам!
Көкте күнің сүйеді шуағымен мәңгілік,
Махаббатын таулар да айтады саған
жаңғырып.
Теңіздің өршіл толқыны,
дауылдың дүлей жойқыны
сезімін саған сыр еткен,
Мен болсам айтам, ұлы Жер,
махаббатымды жүрекпен.
Жүректен туған сезіммен, сезімнен туған
сөзіммен,
Махаббатымды айтамын, айтамын отты
көзіммен.
Сүйдім мен, сүйдім анамдай
ойлаған алғаш кезімнен,
айыра алмаған ажал да
махаббатымды өзіңнен.
Құстарың қайта қоңа алар,
қанаты талған шақтарда...
Оятып арман-үмітін үкілі гүлді бақтарда
Еркелей ағар бұлағың,
жайқала өсер құрағың,
аман боп тұрсаң әманда,
жұмыр Жер, қайран тұрағым!..
Қаңтар менен көктемдер,
жаздар күзбен алмасып,
Тарихқа еніп өткендер өмір қалар жалғасып,
Бұл әлемнің үстінде
ұрпақ қалар, ел қалар,
бұл әлемнің үстінде
Өмір қалар, Жер қалар.
Сонда сөйле, жер – абыз,
болашаққа, ғасырға,
Келер күннің иесі – ұрпақтардан жасырма.
Бабаларын айтқайсың
жер бетінен жоқ болған,
әкелерін айтқайсың
жалындаған, от болған.
Құдіретің жетеді, ұлылығың жетеді,
Тіршілікті көтерген адамдардың мекені.
Сен болмасаң пәниде,
өмір бар деп білмес ем...
құдіретті ұлы Жер,
Табынасың кімге сен?
ЖЕР:
- Жұмыр Жермін! Мен әлемді, әлем мені
көтерген,
Ұлы Күнді мың сан рет айналып,
болашаққа жетем мен.
Тіршіліктің тірегімін қашаннан,
Ұлы өмірдің жүрегімін қашаннан,
– Таусылмайтын ырысы мол даламның,
Сарқылмайтын тынысымын ғаламның,
Алып Жермін! Мен ұйқыдан ояндым:
Даусын естіп,
үнін тыңдап Адамның!
Қара тұман орап алса —
мұң-қайғым,
Ойға батсам ну орман боп шулаймын.
Өр сезімді теңіз болып тасимын,
Сондықтан да, әлемі, маған бас идің.
Ұлы әлем құдіретімді ұқсын деп,
тау тұрғыздым биік заңғар еңселі
Жылдар, жылдар...
өте берді жалғасып.
Көктем гүлін,
жаз жапырағын сыйлады,
Қарлы қаңтар сары күзбен алмасып.
Келе жаттым жұмыр Жер боп айналып,
Ұлы өмірдің өр жалына жармасып.
Мен Жермін!
Мен – шындықпын!
Мен қалайша сыр бүгем,
Дауысымды естірте алмай әлемге,
Сан ғасырлар мүлгіп ем.
Бақшалы әсем бауыммен,
Қыр көмкерген гүліммен,
Көк тіреген тауыммен,
Шуақ төккен күніммен,
Ғаламменен мүлгідім...
Даламменен қалғыдым...
Сөйлей-алам, уа, әлем,
Менің даусым бар бүгін!
Үні өктем тілім бар,
Жердің шарын ораған.
Сенбейсің бе, дүние?
Менің даусым
Ол – Адам!
Сан ғасырлар үнсіз ем,
Сан ғасырлар тілсіз ем,
Сан ғасырлар ойлы едім.
Сол Адамның үнімен,
Сол Адамның тілімен,
Мен Өмір боп сөйледім!
Гүл атты өмір сенімен,
Адам, сенің ақыл-ойың аялы.
Тіршіліктің қара орманы бүр атқан,
Өзіңменен жапырағын жаяды.
Мұхит дер ем, Адам ойы, мен сені,
Теңіздерден жүз есе үлкен аумағы,
Адам берген ұлылықтың таулары.
Құдіретті үнің бар деп,
Адам, саған бас иетін Жермін мен!
Құдіретті тілің бар деп,
Адам, саған бас иетін Жермін мен!
Жүрегіңді сөйлете алған кезіңнен,
Адам тілін кереметтей өр білгем.
Тамшылардай тамып кеткен көзіннен
Жер үстінің болашағын көрдім мен!
Сен ұлысың, сөйле, Адам!
Ғасырларға, Болашаққа үніңмен.
Келер күннің ұрпағына жетесің,
Сен сенсең де,
мәңгі өшпейтін тіліңмен.
Ұлы Жерді ғаламға
Сүйікті еткен Адамсың,
Мәртебеңді ғарышқа
Биіктеткен Адамсың!
Жұмыр жермін,
Тізе бүккен алдымда,
Жүгіндіргем талай-талай ғасырды.
Құдіреттің бәрі маған бас исе,
Ал Адамға мен иемін басымды!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ата мекен - аралым

  • 0
  • 0

Анамбысың, әлде сен бабамбысың?
Аспаныңнан көз салған саған құсың.
Жер-ананың көгілдір жанарындай.
Ата мекен, Аралым, аманбысың?

Толық

Ақиық, аспан шарлап

  • 0
  • 0

Ақиық, аспан шарлап,
Қия аса аласың.
Тау шыңдарына
Ұя саласың!

Толық

Күн мен түн

  • 0
  • 0

Түн мен күннің арасын
Жалғадым осы жырменен.
Қөздің ақ пен қарасын
Бөліп алған нұрлы әлем.

Толық

Қарап көріңіз