Өлең, жыр, ақындар

Екі бөлімді ертегі – жыр

  • 04.04.2022
  • 0
  • 0
  • 448
I
Арман-ау, жыр-шаһарын құра алсам бір,
Бар назарын халқымның бұра алсам бір;
Ертегі сарайындай – поэзия,
Ақын да — архитектор, жыр — ансамбль!
Өлеңді өмірім деп бақ санайын,
Ақын деп демеп қолдап жатса ағайын.
Құрамын поэзия ансамблін
Афиндағы Перикль патшадайын.
Ақын болса, айтар ма аз арманын?
Арманымдай өлеңді жаза алмадым.
Жанарлар шумағынан көрсе деймін
Ежелгі Мысыр-шаһар мазарларын.
Дүние, таусылмайтын сұрағың бай,
Телміріп терең оймен тұрамын жай,
Көрінсе екен деймін жыр еңсесі
Римнің ең алғашқы храмындай!
Тірлікте қалай, досым, тына аласың?
Айыра алмай қайғы мен мұң арасын.
Көтеремін әлемге өлеңіммен
Париждегі Эйфельдің мұнарасын.
Көрмесе де кей жандар мұныңды онша...
Бақыт құсы кеудеңе бұрын қонса.
Соғыс пен бейбітшілік арасына
Қойылатын қорғаным — Жырым болса!
Жұлдыздай шашым жетпес жол жатар сан,
Жолды ойлап жас жүрегім толғатар сан.
Бабалар рухына жырларыңмен
Яссауи мавзолейін орната алсам.
Өтсе де мәңгі борыш өтелінбей,
Жеті қат жер астынан жетер үндей.
Салсам деймін жырыммен пирамида
Перғауын патшасының мекеніндей.
Қазағымның даласы ұлы-өмірім,
Құп-кұйттай жұдырықтай жүрегімін.
Бір өлең арман маған Москвадай,
Жүректің соқтыратын Кремлін.
Үмітім — қиял ма деп түнерем мен,
Сонда да армандауды тілер ем мен.
Әлемнің жетеу болса кереметі,
Біреуін алмастырам Ұлы өлеңмен!

2
Арман-ау,
жыр шаһарын құра алсам бір,
Бар назарын халқымның бұра алсам бір,
Ертегі сарайындай —
поэзия,
Ақын да — архитектор,
жыр — ансамбль.
Бөлмелері сөйлейді бөлек үнмен,
Бөлек отты үйлерді көремін мен,
Бір көше,
бір көшеге ұқсамайтын
Өз қаламды тұрғыздым өлеңіммен!
Баспанасын өлеңмен бастағасын,
Болу арман: басқа Абай, басқа Қасым.
Алатаудай еңселі Алматымдай
Бір өлеңім көтерді астанасын!
Қай адам қаласынан көзін жазған?
Жәйремдей жаңа жырым жезін қазған;
Қарағанды сияқты бір өлеңім
Кеуделер лавасынан сезім қазған.
Тартармын сапарымның жолда сынын,
Жолда азапты тартпасам болмас үнім.
Бір өлең бір мен үшін ІІІымкентімдей,
Балқыткан жүректердің қорғасынын.
Тағып алған даламның алқасындай
Көкшетаудың сөйлейтін әр тасындай.
Болсам болам:
басқа емес,
ҚАЗАҚСТАН —
Поэзия кенінің картасындай.
Кен жырды кеңейтем деп келем еркін,
Арманға жетер ме екен теңелер күн?
Мақсатым — Менделеев системасы,
105 поэзияэлементім!
Мұнайлы, қазыналы, мұнаралы,
Кені мол қалаларым тұрар әлі.
Әр қалаға айналған өлеңіммен
Ақындық республикам құралады!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Парасат орденін омырауыма таққанда ойыма оралған өлеңім

  • 0
  • 0

Таулар бар көкке биік таласатын,
Шыңдар бар бір-біріне жарасатын,
Асылдай жердің жиып бар жиһазын,
Танытқан Елдің биік парасатын.

Толық

Мазасыз өмір – мазаңды алайын деп келдім

  • 0
  • 0

Мазасыз өмір – мазаңды алайын деп келдім,
Көгілдір көгіңе – қанатымды қағайын деп келдім.
Адамзатқа жетерлік кең дүниеден,
Құдай берген орнымды табайын деп келдім.

Толық

Табиғат анам — ұлы ием

  • 0
  • 0

Табиғат анам — ұлы ием,
Өмірдің берген бағы бұл.
Тағдырлас болған дүнием,
Рақмет айтам тағы бір.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар