Өң мен түс
Толғау
Жұмабике, Үрзада әжелеріме
Бір күні әжем менің қатты ауырды,
Ұрлатып ғұмырынан шат дәуірді.
«Қария әлсіз екен» деген хабар
Тез тарап елеңдетіп жатты ауылды.
* * *
«Шырағым ғой ізімді өшірмейтін,
Атасының жалғайтын көшін» дейтін.
Кеш болса әжем мені қасына алып;
«Бойымды жылытатын пешім»,— дейтін.
Болашақты болжаммен ерте білер,
Есітіп таңғажайып ертегілер.
Өмірде бар ма екен деп ойға батам,
Әжемдей шежірені шерте білер.
Жүрегіме кірпіштей жыр қаланды,
Сүйемін ертегіні тыңдағанды.
Әжем менің алғашқы кітабымдай,
Елестетер ғажайып бұл ғаламды.
Дүние кереметін ұғынамын,
Шуақты күндеріне жылынамын.
Кей сөзден үрейленіп қорқамын да,
Әжемнің бауырына тығыламын.
Өмірде ғаламаттар кезігерін
Балапан жүрегіммен сезінемін.
Ертекті жеткізгенде мұратына,
Әжеме разы боп көз ілемін.
Көз ілер сәтте кейде тістенемін,
Тезірек есейсем деп күшке енемін.
Әжемнің әңгімесін жалғастырып,
Маужырап ұйықтағанда, түс көремін.
Әжемнің сөздерінің қуаты ма?
Мініп ап ақ боз тұлпар бір атына,
Жап-жарық дүниеде құйғып ағып,
Түсімде жетіп жүрем мұратыма!
* * *
Бір күні әжем менің қатты ауырды,
Ұрлатып ғұмырынан шат дәуірді.
«Қария әлсіз екен» деген хабар
Тез тарап елеңдетіп жатты ауылды.
Жан әжем түсті әбден әбігерге,
Тамырын ұстап көрді балгер де.
Ауылдың ақ халатты абзал жаны
Қол ұшын бере алмады дәрігер де.
Тұралап тұра алмады төсегінен,
Әлсірей берді әжем кешегіден.
Талықсып жан адамды тани алмай,
Жаңылды күндерінің есебінен.
Бір күні қызық болды оянғанда,
Таң нұры шапағына боялғанда.
Төсегі бар орнында, әжеміз жоқ,
Ауру жеңіп, сырқаты бой алғанда.
Күн айналып қайтадан бір келетін,
Таң сәрі кез ғажайып түрге енетін.
Үй алдында, аққұмда әжем отыр,
Бұрып ап арайланып күнге бетін.
Сол күннен бір қуат-күш тауыпты әжем,
Біртіндеп бері қарап, сауықты әжем.
Үйге кіріп шығады,
Жеңгендей ажал деген қауіптіәжем.
Құрбандыққа шалдырып ірі малды,
Аурудан соң айығып тыным алды.
Әттең, бірақ, әжемнің амал бар ма,
Содан кейін байланып тілі қалды.
Жүрегінқайғы әжемнің өртеді де,
Айналдым жетектейтін өркеніне.
Кей-кейде ымдағанын ұғына алмай
Жәутең-жәутең қараймын «ертегіме».
Көп болған тілсіз іштей тынғанына,
Бір күні бірдеңе айтты ымдады да,
Көңілін қалдырмайын деді ме әкем,
Мақұл деп бас изеді тыңдады да.
Ертеңіне түйені жазыладық,
Азын-аулақ әйтеуір азық алып.
Мен тұнғыш сапар шықтым әжемменен,
Көңілде қимастықтың сазы қалып.
Қамдаған жолдың қамын ертесінде,
Қия алмай шешем қалды еркесін де,
Көкшекөлдің тауларын бетке алып ап,
Келеміз аруана өркешінде.
Ертектегі жиһангез күйге де еніп,
Жанарда бұйрат құмдар бейнеленіп.
Келемін әжемменен сапар шегіп,
Баяғы бүлкіл жүріс, кейде желіп.
Сапар шегіп келеміз айдалада,
Қараймын жусаны мол айдалаға.
Жанында әжесі бар алты жасар
Бала жүрек көңілге қайғы ала ма?..
Тілсіз дүние кәнігі сырласымдай,
Көңілім өрепкиді бір басылмай.
Көзбен шолыпөтемін ақ әжемнің,
Кимешек киіп алған тұлғасын жай.
Тәкаппар, тұлғалы еді, керім еді,
Көңілге асқар таудай сенім еді.
Менің әжем сияқты еш баланың,
Әжесі жоқтай болып көрінеді
Өліара — көктем соңы жаз енбеген,
Шыдамай аңызаққа әзер келем,
Көкжиек жеткізбейді, бұл ғаламда
Тек екеуміз сияқты әжемменен.
Менің әжем сияқты еш баланың,
Әжесі жоқ деп іштей төсқағамын.
Іш пысып отырғасын ауық-ауық,
Қиял-ғажап ертегін еске аламын.
Әжем ғой әңгіме айтып күлер еді,
Тек үнсіз түйе үстінде түнереді.
Қалай, неге сөйлемей қалды екен деп,
Кей-кейде көңіліме мұң енеді.
«Тартылып өз-өзінен тілі неге?
Шықпайды баяғыдай үні неге?
Өкпелеп қалған бала сияқтанып,
Сөйлемей қалуының сыры неде?»
Шулаған құлағымдай, базар барып,
Келеді ойлар менің мазамды алып.
Ертегі айтып бере алмағасын,
Әжем де отырғандай азарланып.
Не үшін береді екен мұңды адамға,
Не жетсін сөйлеп, әрі тыңдағанға?
Үнсіздік қиын екен жол үстінде,
Үнсіздік қиын екен бұл ғаламда!
Егіледі елжіреп жаным неге?
Қайнайды қарап тұрып қаным неге?
Айқайлағым келеді, айқайлағым
Әжемнің тілін бер деп тәңірге де!
Әжемнің тілі болды тілегім де,
Толқу бар, толғаныс бар жүрегімде.
Алты жасар жүрегім тұңғыш рет,
Ереуіл жасап жатты бұл өмірде!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі