Өлең, жыр, ақындар

Табиғат

  • 07.04.2022
  • 0
  • 0
  • 1518
I
Табиғат неткен қатал ең!
Жапырақ жайса бүрлерді,
Жұлқылап жұлды жел неге?
Ғұмырын қысқа гүлдердің
Жараттың екен сен неге?
Қайғымен бірді зарлатып,
Қасірет болып меңдедің.
Біреуді көкке самғатып,
Біреуге қанат бермедің.
Кеудесі ояу қарақты,
Көңілге салып тоқыр жұрт,
Көзсіз де адам жараттың,
Сұлулық көрмес соқыр ғып.
Біреуге біреуді іңкәр ғып,
Бір көздің төктің жаңбырын.
Біреуді жүйрік тұлпар ғып,
Тасбақа еттің ал бірін.
Қырғи ғып көкте дұшпанын,
Жәндікті қорғап ініңмен.
Жұлдыздарды ұстадың,
Қараңғы қоршар тәніңмен.
Табиғат неткен қатал ең!
Қыранның шыңын, қиясын,
Тұмшалап бұлтпен, тұманмен,
Қарлығаштардың ұясын,
Орадың улы жыланмен,
Табиғат неткен қатал ең!
Қатал ең, неткен сұлу ең!
Нұрлы таң атып қуанып,
Ақ нұры көктен құйылып.
Қарайды өмір шуағы —
Сәулелер көзі қиылып.
Қоршаған шексіз аспаның,
Көгімнен қарап мөлдіреп,
Жылытқан өмір жас жанын,
Мейірлі ана елжіреп,
Табиғат неткен сұлу ең!
Көкжиек асып кеңдігің,
Өмірге бояу тұр сіңіп.
Тәкаппар таудай өрлігің,
Таусылмас қызық тіршілік.
Табиғат неткен көркем ең!
Шексіздіктен шегініп,
Тірлікке сыйлап ананы,
Адамнан адам бөлініп,
Өрбіткен өмір баланы,
Табиғат неткен ғажап ең!'
Ақылға сыймас шапағат,
Өмірге іңкәр, асық қып,
Жүрекке сыйлап махаббат,
Жаратқан жанды ғашық қып,
Табиғат неткен ғажап ең!
Тіршілік — ғұмыр, ұлы ие,
Жырлаймын десем мына мен,
Аққудай әсем дүние,
Айналып жатқан бір әлем.
Аңдаған жанға аңдаған,
Шексіз бұл әлем — көзге алыс,
Сырыңа жетпей таңданам,
Тіршілік, ұлы қозғалыс!
Табиғат неткен жұмбақ ең,
Жұмбақ ең, неткен әділ ең!

II
Жыланның қырқып қанатын,
Қыранға қанат бергені,
Артқызып Адам санатын,
Ақыл мен ойдың жеңгені,
Табиғат сондай Әділет!
Табиғат тапқан амалын,
Тіршілік заңы өйткені,
Біреудің тану шабанын,
Біреуді жүйрік еткені,
Табиғат сондай Әділет!
Тең бөлген бәрін кеңістің,
Біреуге беріп жер астын,
Біреуге беріп жер үстін,
Біреуге беріп көл астын,
Біреуге беріп көл бетін,
Өзіне лайық шен-шекпен,
Біреуге беріп жер бетін,
Біреуге көкті енші еткен,
Табиғат сондай Әділет!
Ызғарлы аяз құлшынып
Табаннан тесер сыз өтпей,
Тоңар деп гүлді тіршілік,
Көрінген жерді мұз етпей,
Жер қалдырмай жан басар,
Жер бетін түгел тау қылмай,
Төгіліп кетсе сел басар,
Мұхиттың суын аудырмай,
Бұлтындай бұрқап көңілдің,
Көгінен нөсер құйдырған
Бәрін де өлшеп өмірдің,
Бәрін де жерге сыйдырған,
Табиғат неткен Әділет!
Мұхиты шалқар ғажайып,
Таулары — шыңды, дала — гүл,
Сұлу да, Көркем,Ғажайып,
Қатал да,
Жұмбақ,
Әрі Әділ —
Ұлы едің неткен ТАБИҒАТ!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шежіре теңіз, дала тау құмында

  • 0
  • 0

Шежіре теңіз, дала тау құмында
Тарих бар қарт әженің жаулығында.
Өмірде көргеніңнің бәрі қызық,
Санаң мен сезіміңнің саулығында.

Толық

Көгершіннің басталған сәт азабы

  • 0
  • 0

Көгершіннің басталған сәт азабы,
Дәл сондағы жағдайдан соң, ғажабы.
Теңіздейін тебіренген жанымның,
Құдіреттей өзгерді күй, саз әні.

Толық

Таң намазы

  • 0
  • 0

Оқыдым мен беріліп Таң намазын,
Сезіндім дүниеде жан ғажабын,
Ғаламдық ғұламасы – МҰСЫЛМАННЫҢ,
Дініне ұйыңыздар, ал, ҚАЗАҒЫМ!

Толық

Қарап көріңіз