Әке. Он бала. Ажал – Шөмішбай Сариев

Бұл бетте «Әке. Он бала. Ажал» атты Шөмішбай Сариев жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 979
Ажалға төте келген бар ма амалы,
Бұзылып қарсы салған сан қамалы.
Төсекте жатыр Адам әл үстінде,
Әке еді ол, өрісі кең он балалы.
Жүрегі әлсін-әлсін соқпай қалып,
Мәңгілік тіршіліктің тоқтай ма әні.
Он бала отыр бүгін ортаға алып,
Бірінің Әкесі үшін жоқ қайраны.
Тағдыры төтеп беріп толы сынға,
Жатыр ол ең ақырғы жол ұшында.
Қазір-ақ мәңгілікке жол жүреді,
Бере алмас біреуі де қол ұшын да!
Табылмай дертке дауа бір саласы,
Бәрі де амал таппай тұр, шамасы.
Ауданда бір баласы сот болатын,
Министр астанада бір баласы.
Қайтпады бері қарап жүзі бірақ,
Тағдырдың ойылғандай мұзы құлап.
Дертке дауа боларлық дәрмен таппай,
Басты бетін дәрігер қызы жылап.
Батырып жатыр Әке бәрін мұңға,
Өнерлі ұл — жоқ көмегі дарынның да.
Он баланың ішінде зеректеуі,
Қайраны бола алмады ғалымның да!
Есейіп ержетсе де бала-шаға,
Таппады дертке дауа болар шама.
Еңсесі төмен түсіп ұшқыш отыр,
Жерден де жоғары ұшып, қона алса да!
Болар ма қолдан келсе тіптен қызық,
«Бұл неткен даңғой, неткен бұзық?»
Милиция баласы: «Қылмыскер»,— деп,
Ажалды ұстатар ед тік тұрғызып!
Оң жақта басын сүйеп қызы отырған,
Ол болса күйлі жаққа ұзатылған.
Жылан-ажал жеткесін жылы ұяға,
Шырқырап қарлығаштай жүз атылған.
Ажал жеңіп дендеді айлалы көп,
Сәлден сон тіл-аузын байлады кеп.
Қол ұшын бере алмады он бала да,
Он бала қала берді қайраны жоқ!
Төмен түскен жер осы назардың да,
Айтпағы көп — адамға ажалдың да.
Әке көзі жұмылып он баланың,
Өмір өшіп жөнелді көз алдында!
Тартынбай тарта берді жол қамынан,
Тірінің бейхабар боп толғамынан.
Он бала басты бетін әкелерін,
Ажал жұлып алғандай қолдарынан.
Көрінген көпшіліктен суысыған,
Тәкаппар жандар еді туысынан.
Алақанға ұстаған мұраны асыл,
Шығарып алғандай бір уысынан!
Айналып қасіретті мұңы зарға,
Жылжып кеп қайғы түсті жылы ажарға.
Тоқтау сөз айта алмады сәл де болса,
Бәрі-бәрі жабылып бір ажалға!
Дертінің қасіретін тартпас та еді,
Дәрмені болса әке жатпас та еді.
Ажал деген ешқашан тілге келмес,
Тілге келсе бір айла таппас па еді?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Әке. Он бала. Ажал өлеңінің авторы кім?

Шөмішбай Сариев — осы өлеңнің авторы.

Әке. Он бала. Ажал өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Әке. Он бала. Ажал өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Шөмішбай Сариев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Әке. Он бала. Ажал өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері