Дәстүр жайлы жыр
Халық па қасиетін жойып алса?..
Елімнің елге жаяр ойы қанша?!
Құстары ұшып келер көктем сайын,
Қазақтың дәстүрінің тойы болса?!
Той өтіп даланы бір дүркіретсе,
Ақ жолын шаңын қағып сілкіп өтсе.
Қазақтың дәстүрлерін мәшһүр етер,
Па, шіркін, сондай ғажап бір күн өтсе?!
Сол тойға алыс жолдан аңсап келіп,
Көз отын алса деймін самсап көрік.
Сол күні бар қазақтың қызы кисе,
Басына үкіленген кәмшәт бөрік.
Тойлайтын ұлы тойын бүкіл елше,
Дәстүрдің мұра байлық құтын емсе.
Қос бұлақ бұрымдарын төгілдіріп,
Қыздары үлпіл қағып үкіленсе.
Арулар алты қырдан жоталанып,
Көздері сонадайдан боталанып.
Сахна емес көшеге шықса сол күн,
Зерін тағып, зерленіп оқаланып.
Шырқалып халқымыздың толқын әні.
Шықса ғой сылдар қағып шолпылары.
Кешегі қыз Жібегін есіне алып,
Бір басылып қалмай ма ел құмары!
Сол тойда атқа қонып жігіттері,
Шықпай ма топ алдына үміткері.
Бәйге құмар болашақ — жастарының
Сыртынан сынамай ма білікті елі.
Иыққа садақ іліп, шоқпарды атып,
Көзінен жалын атқан оттарды атып.
Бейбіт өмір қызығын мерейлі етіп,
Шықпай ма көкжал жігіт көкпарлатып.
Салт-дәстүр жаңғырмай ма, бірі өспей ме?
Өмірдің ағысына ілеспей ме?
Алып болу шарт емес Қажымұқандай,
Қажымұқанның ұрпағы күреспей ме?
Алуан бұлбұлды елдің сан құсынан,
Тоқтамай жүректерден шалқысын ән.
Ел-елден басын қосқан тойлы күнді
Бастау керек жыраулар айтысынан!
Сөнбесін сол күні енді бауыр, шамың
Елміз ғой бастан кешкен ауыр шағын.
Ырыс-құт, берекеңнің мерейіндей
Төгілсін дастарханға бауырсағың.
Аянба, аянбай бер алсын сыйлық
Әуенің алқа топқа салсын үйіріп.
Шай ұрттап бабыменен таң атқанша,
Шырқасын домбырамен әнші жүйрік.
Жарасса достық қана жараса алар,
Көзімен қуаныштың қараса олар.
Туысқан талай ұлттың өкілдері,
Туған ел той-думанын тамашалар!
Артықтау ұсыныс па мұным онша,
Қашанда бейбіт өмір, нұры қонса.
Жылына бауырлас ел бас қосатын,
Халқымның дәстүрлі бір күні болса!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі