Менің жаным – Шөмішбай Сариев

Бұл бетте «Менің жаным» атты Шөмішбай Сариев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 1441
Менің жаным — қарапайым өмірдей,
Менің жаным — жұмбақ әлем-көгімдей:
Жұлдыздары жатар кейде жарқырап,
Жұлдыздары жатар кейде көрінбей.
Сәл қозғалса жұмыр жерден ауардай,
Менің жаным — тұрған мұхит төгілмей.
Ауа жұтып тұрғаныңды аңдатпай,
Тынысыңмен бірге енетін мейірдей.
Менің жаным – мырза аспаным есепсіз,
Жаңбырлатып төге салған пейілдей.
Менің жаным – аппақ мамық аққудың
Ақтарылып жатқан айдың көліндей.
Менің жаным — мың бұралып майысқан,
Жел толқытқан жасыл майса, егіндей.
Менің жаным — сәл ызғарға мұңайған,
Көктемімнің жаңа бүршік көзіндей.
Менің жаным — соқпағы бар, соңы жоқ,
Туған жердің ойпаңы мен өріндей.
Менің жаным бірге туып, бірге өскен,
Айнымайтын егіз, сыңар төлімдей.
Ажыратып алар өмір бәрінде,
Әрбір үйдің табалдырық, төріндей
Менің жаным — қарапайым өмірдей!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері