Бетбұрыс – Шөмішбай Сариев

Бұл бетте «Бетбұрыс» атты Шөмішбай Сариев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 1134
Бастау қажет бәрін қайта жүректен,
Жүрек қана дүниені жыр еткен.
Жүрек қана жүректерге ғашық боп,
Жүрек қана жүректерге гүл еккен!
Баста бәрін жүрегіңе жүгініп,
Жүректерден жаратылған ұлы үміт.
Мәңгі өмірге бір-ақ келген жолаушым,
Өз жолыңа қайта қара бұрылып!
Нелер жақын, нелер саған алыс тұр —
Балалық пәк адалдықпен салыстыр.
Өлшенеді сендегі ұлы мақсатпен
Құпиялы шетсіз-шексіз ғарыш бұл!
Адастырған аждаһадай сан арбап,
Зұлымдықтар — бала кезден саған жат.
Қас қағымын тіршіліктің ойласаң,
Баста бүгін жүрегіңнен, Адамзат!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері