Жаз өтіп бара жатыр жайлап басып
Бұл бетте «Жаз өтіп бара жатыр жайлап басып» атты Шөмішбай Сариев жазған табиғат туралы өлең берілген.
Жаз өтіп бара жатыр жайлап басып,
Ағысы ұлы өзеннің қайнап тасып,
Қызғалдақ гүлдеріндей құлпырады,
Балдәурен жан-жағымда жайнап ғашық.
Ғашықтық ғашықтық па қанды ысытпай,
Сезімдер жай жата ма жанды ысытпай,
Жапырақ етегінде дөңгеленген,
Дүние тамып түскен таңғы шықтай.
Таңменен оянады ұлы Күнім,
Тербетіп өзен-бұлақ тұнық үнін,
Тіршілік бастап жатыр өз жұмысын,
Күллі әлем көз алдымда тірі бүгін.
Бүгінім – күнім деймін ең бақытты,
Жүрегім әр күнді ойлап толғатыпты,
Келемін ұмтылумен алға асығып
Алдымда бір жеткізбес жол жатыпты.
Жолымда жайқала өскен қызғалдақтар,
Құсы көп сан алуан қызған бақтар,
Маусымым, шілде-тамыз жаз дәуренім
Тау-шыңның басындағы мұздан сақтар.
Енді мен осы жолда қатты адасам,
Сымбатын сал-серілік салт санасам,
Ақындық жанарымен бір бұрылып
Жаз өтіп бара жатыр жалт қарасам...
- Аймақ Әбілда
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі