Өлең, жыр, ақындар

Хандық дәуір аяқталып, жаңа дәуір басталды...

  • 13.04.2022
  • 0
  • 0
  • 638
/Лирикалық толғау/

Ақиық дүниені алаңдаттың,
Толғанып сол бір дәуір Далам жаттың.
Жиырма бірінші ғасырдан сәлем саған,
Он бесінші ғасыры Адамзаттың!
Елім-халқым осы бір күнін күткен,
Күй шалқиды балбырап буын біткен.
Он бесінші ғасырға бас иемін,
Қазақ деген хандықтың туын тіккен!
Айнала сілкіп тастап жат қоқымды,
Бөксеге салып алып бақ тоқымды.
Он бесінші ғасырда хан Керейім,
Он жыл бойы әуелі таққа отырды.
Гүлденіп көк орайлы жасыл бағым,
Жадырап ата берді асыл таңым.
Хандық құрған қазаққа жарты ғасыр,
Қазақ жерін кеңейткен Қасым ханым.
Жебе тартқан аспаннан асқан оғы,
Түгенделіп өмірде басқа жоғы.
Осылайша өмірге келген еді,
Ежелге Қасым ханның қасқа жолы.
Босамаған болатын төр сайыстан,
Аңқасы кепкен күтіп жол майысқан.
Қасымхан – қазағымда тарихқа енді,
Үш жүз мың қолды бастап жер қайысқан.
Шертпеген ешқашанда жатқа зарын,
Түсірмеген ешқашан бақ назарын.
Еділ мен Жайығыма жеткізгенді.
Қасымханның перзенті Хақназарым!
Не жетсін бұл дүниені ой баққанға,
Қазақ қаны – енгенді бойлап қанға.
Башқұрттың бір бөлігін басып алып,
Хақназар соққы берді ойраттарға!
Хақназар қазақ үшін салған жанды,
Оятсам деп қазаққа арман таңды.
Тәңір таудан асырып моңғолдарды,
Көшім ханның ордасын талқандады.
Тағатынын кеудеге қай тұмарды,
Әр қазаққа намыс пен айтып арды.
Түркістан, Сауран, Сайран, Таразды елге,
Жауларынан тазартып қайтып алды.
Сыйынып кие кітап Құран атты,
Жауларын жаншып басып тұралатты.
Қырғыздың бір бөлігі хан деп танып,
Дұшпанынан тазартты Сығанақты.
Құдайым өзі күшті берді ме екен,
Еңіреп қалмау үшін елді мекен.
Бес жылдай хандық құрды – Тәуекел хан,
Қазақ үшін буды да белді бекем.
Елдікке елдің басын ғасыр жиды,
Киелі тартқан қазақ асыл күйді.
Тәшкенттің әміршісі Баба сұлтан,
Тәуекел хан алдында басын да иді.
Үркіп талай тұлпарлар жолда атқыған,
Талай оймен келіспей толғатты жан.
Түркінің тайпаларын қосып алып,
Ресеймен байланысты орнатты хан.
Құлдилар қыран қанат жаярында,
Табады көк аспаннан баянында.
Бұхар хан ордасын да талқандады,
Он бесінші ғасырдың аяғында!
Елестетіп жанары пайғамбарды,
Тәуекел ханға елі қайран қалды.
Молалы Мауренахрға бойлай еніп,
Түркістан, Сауран, Отырар, Сайранды алды.
Түн демей де, күн демей таңға ұласып.
Қан майдан қырғын соғыс қанға ұласып,
Жаратушы бергесін күш-қуатты.
Ферғана, Әндіжанды алды басып.
Тағы да, тағы атып келесің таң.
Түргелетін орнынан өре сұлтан,
Еңсегей бойлы деген елде аты бар,
Көк жиектен көрінді Ер Есім хан!
Қазақтың таңы атты деп таңды ұқтырған
Елімнің елдігі үшін барлық құрбан.
Еңсегей бойлы дейтін ер Есімхан,
Талай жыл қазағымда хандық құрған!
Шырайланып тауменен гүл-құстарын,
Қандай жақсы өзіңмен бірге ұшқаным.
Қазақтың хандығының астанасы, –
Ол кезде аты мәшһүр Түркістаным.
Елім-айлап айтады қайтып әнді,
Таққан жоқ бұл қазағым жай тұмарды,
Он бесінші ғасырдың ең соңында,
Есім хан Ташкентті де қайтып алды.
Рас еді болмағаны толастың да
Есім хан ерлігіңмен жол аштың да,
Ежелгі сол бір Ташкент екі ғасыр,
Қазақтың болған еді қол астында!
Қазағым сенген ақыл, білегіне,
Сай болып ұл туғасын тілегіне,
Осылай Есім ханның ескі жолы,
Жол салды ұлы тарих жүрегіне!
Бәрі де өтті-кетті есіл жанның
Дүбірлетіп оятып төсін таңның,
Тау мен таста тітіреп жер қайысқан.
Төрт жүз мың қолы болды Есім ханның!
Қарсы келген дұшпанын еңіретті,
Айнала бойға жинап төңіректі.
Осылай Есім ханның ескі жолы,
Жиырмасыншы ғасырға келіп жетті.
Бастағандай барша бұл түрік елді,
Қазақтың хандығының үніне енді.
Тарихқа әз Тәуке хан атыменен,
Хан болып Жәңгір ханның ұлы келді!
Өтсе де талай нөсер жаңбыр бастан,
Құдіретті хан болып сан жылды асқан,
Әз Тәуке талай жылдар таққа отырды,
Ақ орда тұғырынан тапжылмастан.
Бақ қонар қасиетті халқым да асыл,
Киелі, киесі бар салтым да асыл.
Әз-Тәуке хан мен бірге орнағанды.
Бұл қазақ хандығына «Алтын ғасыр»!
Жылытып бар қазақты оты қалды,
Ханның да ханға лайық беті барды.
Жеті деген керемет ұғымменен,
Әз Тәуке хан енгізді «Жеті Жарғы»!
Әлі де сан ұрпақты жаңғыртар күн
Қолдайтын қалауы бар әрбір таңның
Қазақтың ханы болды Абылайхан,
Бесінші ұрпағы еді Жәңгір ханның!
Тәңір берген патшаны тағы да айтам,
Бақ қонған құдай берген бағын айтам,
Он жетінші ғасырдан аса беріп,
Үш жүздің ханы болды – Абылай хан!
Жатса да кей кездері айнып бәрі,
Қатерден хан жүрегі шайлықпады.
Аюлы ел кәуірден де именбеді,
Қытадай айдаһардан қаймықпады.
Халқымның көз жасымен көп зар өтті,
Қазақта заманға сай көкжал өтті,
Ташкентті қайтып алып жер кеңітті,
Абылай жоңғарларды бір жола етті.
Оза шабар бәйгеге салған елі,
Тұлпарлар тұяғы отпен жанған еді,
Мұсылман елдерінің басын қосу –
Абылай, Ер Абылай арманы еді!
Алда еді бұл қазаққа белес әлі,
Жүріп жатқан алуан кеңес әлі,
Көкжиектен көрінді атқа қонып,
Қазақтың соңғы ханы – Кенесары!
Қайығын тағдырының шебер есіп,
Замана кеме үстінде кемел өсіп,
Көшелі Кенесары Қасымұлы,
Кәдімгі Абылайхан немересі!
Тұлпары топты жарып құйғып шығып,
Мұны да Құдай берген сыйлық біліп,
Ханы боп таққа отырды Үш жүздің де,
Үш жүздің баласына билік құрып!..
Қаһарман Кенесары танытты үнді,
Ортасына жауының жарып кірді,
Қоқан хан иелігі Жаңақорған,
Ақмешіт қамалдарын алып тынды.
Қарсы келген жауларын қансыратты,
Дұшпанның қызыл қанын тамшылатты.
Ресей әскерінің қалың қолын,
Жақтаушы сұлтандармен жаншып бақты.
Дұшпаны болса дағы тегеуірінді,
Жауларын ойсыратып жеңе білді.
Басын оққа байлады Кенесары,
Қазаққа сыйлау үшін кең өмірді.
Қару ғып намыс пенен жалғыз арды,
Тарихтың алдында хан алғыс алды,
Мұсылман біріксе деп басын қосып,
Қырғыздық манаптарға қолды салды.
Ханмен бірге кірсе де сан берекем,
Қанша мықты болса да жан дене екен,
Опасыздар қолынан қаза тапты,
Осылайша өмірде Хан Кенекем!
Қайталанбас осындай басқа тұлға,
Қалдырды хан атын да, жақсы атын да,
Құрбан боп кете барды Кенесары,
Азаттық, бостандықтың мақсатында.
Қыстаудан жайлауына ел қонғандай,
Аңқа кеуіп бостандық шөл болғандай,
Бұдан соң бодандықтан көз ашпадық,
Даламыздың көз жасы көл болғандай!
Болар жұмбақ әр ханның сыры тағы,
Үзілмей үкіленген үміт әлі.
СОҢҒЫ ХАН БОП ТАРИХТА ҚАЛА БЕРДІ,
ҚАЗАҚТЫҢ КЕНЕКЕҢДЕЙ ҰЛЫ ХАНЫ!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жырыммен жүрекке дән ексем дедім

  • 0
  • 0

Жырыммен жүрекке дән ексем дедім,
Бақыттың барына да көп сенбедім.
Киелі ел – құдіретті қазағыма,
Өмірде ақын болып өтсем дедім.

Толық

Қарттар-ай

  • 0
  • 0

Шаршы төрде шалжия сұлап жатып,
Әңгімені әр тұстан-қылаулатып.
Шай ішкенде шал-шауқан шежірені
Шертер болар төбеден күн аунатып.

Толық

Түнгі он екі соққанын көріп біліп

  • 0
  • 0

Түнгі он екі соққанын көріп біліп,
Кеудемді билеп алды көрікті үміт,
Өмір, саған арнаған өлең жаздым,
Бүгін мен Ертеңімді жолықтырып!

Толық

Қарап көріңіз