Түнгі думан – Сайын Назарбекұлы

Бұл бетте «Түнгі думан» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 950
Түнгі думан, шаттанған Жер,
Дала мас, Бізде сондай, сарыны бір, салалас.
Жер думанын келген бе қызықтауға,
Суда жатыр, Ай сұлу, тыр жалаңаш.
Қымсынғандай, денесі дір-дір етті,
Дір-дір етті, сезімге бір гүл екті.
Әсерлі шақ, жүректен сыр суырған,
Әсерлі шақ сезімді дүлдүл етті.
Сол сұлудан желдің де дәмесі бар
Налып қалды — ете алман, дегесін жар.
Жылуы жоқ сұлудан не іздейді,
Аспан деген арада ... бөгесін бар.
Ай сөгеді, салсаң деп, аңдап құрық,
Мен Аймын ғой, сүйемін таңдап тұрып.
Сен Желсің ғой, елессің, тұрағың жоқ,
Кез келгенді кететін шаң қаптырып.
Жел азынап жас төкті, құтырынды
Көрсетпе деп жалындық бұ түріңді.
Ай болмаса Аптап бар сені сүйер,
Тоқтата гөр сатыр мен күтіріңді.
Жел қабағы азғана ашылғандай,
Ай да, көкте, солығы басылғандай.
Көкжиектен көрпе бұл келе жатыр,
Айды бізден қызғанып, жасырғандай.

Астана. 3.06.2002.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері